03 мам, 2019 сағат 19:59

Төрт балама 101 мың теңге алдым - көпбалалы ана

Төрт баланы жалғыз өзі асырап отырған Марал Боранбаева жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекпен үйге кіріс пен бірге ырыс та келгенін айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Марал Боранбаеваның ең кіші баласы мүмкіндігі шектеулі  жан ретінде тіркелген. Үйдегі 4 баланың ең үлкені 19-да. Екіншісі 2002 жылы туса, үшіншісі 2008 жылы дүниеге келген.

«Жаңа форматтағы әлеуметтік көмектің алғашқы төлемін алдық. 101 400 теңге шығыпты. Бұған дейін мүгедек баланың асыраушысы ретінде жәрдемақы алатынбыз. Ол мүлде жетпейтін. Ем-домы бар, ортопедиялық аяқ киімін алу керек. Жазғы аяқкиімінің өзі 25 мың теңге тұрады. Үлкен ұлымның аяқ киімі де тозып жүрген. Жаңа форматтағы әлеуметтік көмек қолымызға түскен соның бәрін жаңаладық.  Кіріспен бірге үйімізге ырыс та кіргендей» - дейді елордалық ана.

Қазір ол 4 баласымен бірге толымсыз отбасы ретінде берілген арендалық баспанада тұрып жатыр.

«Ай сайын бес мың теңге төлеуіміз керек. Қарыздан ертерек құтылу үшін одан көбірек төлеуге тырысып жүрмін» - дейді Марал Боранбаева.