10 сәу, 2018 сағат 09:32

«Төрт ағайынды» ісі: Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко сотқа қатысты

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында «төрт ағайынды» ісі қаралуда. Бүгін сотқа қатысқан Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко айыпталушы Еркін Ізбасар туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еркін Ізбасарды Кеңес одағынан бері танимын. Мен грек-рим күресінен Кеңес одағының құрамында болдым. Сол кезде командаға Есенгелді Батырғарин енген болатын. Ол Ақтөбе облысы, Шалқар ауданының тумасы. Жарыстарға қатысып жүргенде Еркін Ізбасармен  кездестім. Есенгелді Еркінмен дос болды. Еркін Ізбасар жаттығу залына келіп, жанкүйер, спорт жанашыры ретінде танылды. Кейін жарыстарда жолымыз түйісті. Гуанчжоу қаласында өткен Азия ойындарында болдық. Бұл 8-10  жыл бұрын болған жағдай", - деді Ю. Мельниченко. Ол сондай-ақ,  Еркін Ізбасар мен Аухат Қалиевті жақсы жағынан ғана айта алатынын жеткізді.  "Кеңес одағы құлаған кезде Ақтөбе облысында спорт құлдырап кетті. Жанашыр адамдардың қолдауы керек болды. Сол қолдауды Еркін Ізбасар жасап, балуандарды көтерді. 2015 жылдан бастап ақтөбелік балуандар Қазақстан құрамасына енді. Оның ішінде Азия чемпионы Нұрислам Санаев та бар», - деді Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко.

Кейін Юрий Мельниченко сотталушы Еркін Ізбасар тек Қазақстан емес, Ресей Федерациясының спортшылары арасында да кең танылғанын жасырмады. Ал судья Ахметқали Молдағалиев спортшыларға қолдау білдіріп жүрген Еркін Ізбасардың қаржыны қайдан алатынын сұрады.

«Мен оны білмеймін. Кәсіпкерлікпен айналыспаймын, біз жарыстарда кездесіп тұрамыз. Одан сұраған да емеспін. Меценат болып жүрген жалғыз ол емес. Елімізде спортты қолдап, инвестиция салып жүрген адам көп», - деді Юрий Мельниченко.

Айта кетейік, Еркін Ізбасар туралы сот отырысына қатысып, оны қолдауға Дағыстаннан спортшы Тимур Гадисев та келген.  

«Еркін Ізбасар Қазақстан спортын дамытып жүрген адам. Ол әрдайым спортшылардың жанында болуға дайын. Спортшыларды жаттығуға жіберіп, үнемі шыңдап отыратын. Мен ол туралы айту үшін Қазақстанға келіп отырмын. Қажет болса Африка, АҚШ-қа жаяу, велосипедпен болса да барар едім», - деді Тимур Гадисев.

Еске салсақ, Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Еркін Ізбасар, Аухат Қалиев бастаған қылмыстық топқа қатысты іс қаралып жатыр. Оларға мұнай ұрлығы, заңсыз сақтады, сатты және рейдерлік жолмен бөтеннің мүлкін тартып алды деп айып тағылған. Барлығы 26 сотталушыға қатысты қылмыстық істің қаралып жатқанына 4 ай болды.