24 сәу, 2020 сағат 15:34

Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдығына арналған халықаралық онлайн конференция өтті

Бүгін Түркі академиясы «Тоныкөк жылын» ресми ашық деп жариялап, «Ұлы дала өркениеті: Тоныкөк мирасы және қазіргі түркі әлемі» атты халықаралық онлайн видеоконференция өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Тікелей бейнебайланыс форматында өткен конференцияны ашқан Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі: «Жұқаны таптау оңай, жіңішкені үзу оңай. Жұқа қалып болса, алып қана таптар, жіңішке жуан болса, алып қана үзер», дейді дана Тоныкөк бабамыз. Ұлы далаға толқындап жайылған түгел түркінің тұнық тілі мен дәстүрін, айшықты бітік жазуы мен әдеби жазба әдебиетін, жоралы жарғы түзімі мен мемлекеттік биліктің жөн-жосығын жасап, бағзы бабалардың байрақты бірлігінің бастауында тұрған тұғырлы тұлғаның дала данышпаны, жорықшы, жырау Білге Тоныкөк екені белгілі. Данышпан Білге Тоныкөк бабамыздың бәдіздеп тасқа қашап қалдырған мәңгілік ескерткішінің 1 300 жылдығын Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Моңғолия мемлекеттері UNESCO ұлттық комиссияларының ортақ ұсынысымен Түркі академиясының және UNESCO-дағы Тұрақты өкілдіктеріміздің қолдауымен 2020 жылы UNESCO аясында атап өтуге ресми шешім қабылдауы әлемдік мәдениеттегі елеулі жаңалыққа айналып отыр», - деді. 

Конференцияға UNESCO Бас конференциясы 40-сессиясының төрағасы Ахмет Алтай Дженгизер, UNESCO Азия және Тынық мұхиты бөлімінің бастығы Андрей Шевелев, ТүркПА бас хатшысы Алтынбек Мамаюсупов, Халықаралық Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Гүней Эфендиева, Түрік тілі қоғамының төрағасы, профессор Гүлер Гүлсевин, Түркі кеңесінің Мажарстан өкілдігінің басшысы Янош Ховари, ТЮРКСОЙ бас хатшысының орынбасары Билал Чакыджи, Моңғолия Ұлттық музейінің директоры Дагваадорж Сүхбаатар (Дағбадорж Сүкібатыр), Анкара қаласы Мамак ауданының басшысы Мурат Косе, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, Әзербайжан Ұлттық Ғылым академиясының бірінші вице-президенті Иса Габиббейли, сонымен қатар, АҚШ, Әзербайжан, Мажарстан, Германия, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан, Түркия және Ресей мемлекетінен танымал түрколог ғалымдар қатысты. 

Бұған қоса жиынға әлемнің көптеген елдеріндегі зерттеушілер онлайн режимде тыңдаушы ретінде қатысып, әлеуметтік желі қолданушылары тікелей эфир көрсетілімдері арқылы тамашалады.

Алқалы басқосуды жүргізіп отырған Академия басшысы Дархан Қыдырәлі қатысушыларға ризашылығын білдіріп, алғашқы сөзді Ахмет Алтай Дженгизер мырзаға берді. Ол өз сөзінде Білге Тоныкөк мұрасының әлемдік өркениет үшін маңызы зор екенін атап өткен ол осы тұрғыда академияның бастамаларын жоғары бағалайтынын білдірді. Сонымен қатар, құттықтау сөз алған халықаралық әріптес ұйымдардың басшылары мен өкілдері Тоныкөк ескерткіші мерейтойының UNESCO аясында атап өтілуі – бауырлас халықтардың мерейі ғана емес, әлемдік мәдениеттегі елеулі жаңалық екеніне баса назар аударды.

Мәртебелі меймандардың құттықтау сөздерінен кейін қатысушыларға Түркі академиясы әзірлеген «Bilge Tonyquq» жинағы таныстырылды. Тоныкөк ескерткіші мәтінінің 12 тілдегі аудармасы топтастырылып, ғылыми транскрипциясы қоса берілген бірегей басылымның лентасын Нұр-Сұлтан қаласындағы орталық студия-залынан қатысып отырған белгілі ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков қиып, оқырманға құтты болсын айтты.

Бұдан кейін конференцияның жалпы отырысы басталып, есімі елге белгілі түркологтар мен ғалымдар Осман Фикри Серткая (Түркия), Тимур Коджаоғлу (АҚШ), Иштван Зимони (Мажарстан), Кадыралы Конкабаев (Қырғызстан), Женгиз Айылмаз, Ахмет Ташағыл (Түркия), Виктор Бутанаев (Ресей), Ирина Невская (Германия), Юлай Шамилоғлу (АҚШ), Эрхан Айдын (Түркия), Ғайболла Бабаяров (Өзбекстан) мағыналы баяндамалар жасап, пайымды пікірлерімен бөлісті. 

Өз кезегінде Моңғолия Ұлттық музейінің басшысы Д.Сүхбаатар музейдегі Тоныкөкке қатысты экспонаттарды арнайы таныстырды. 

Конференцияны қорытындылаған академия басшысы Дархан Қыдырәлі Академияға мүше елдерде биыл жыл бойы Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдығына арналған шаралар өтетінін айтты. Сонымен қатар, ол Моңғолия тарабының бастамасын қолдай отырып, Тоныкөк мұраларын UNESCO-ның Бүкіләлемдік мұралары тізіміне енгізуді ұсынды. 

Қатысушылар алғаш рет тікелей бейнебайланыс арқылы бірнеше тілде ілеспе аудармамен ұйымдастырылған ауқымды халықаралық конференцияның сәтті өткеніне ризашылығын білдіріп, академия жұмысына табыс тіледі.