#
#
Жұма 18/10/2019

«Томирис»: Қазақ киносының хәлін кімнен сұраймыз, Ақтоты ханым?

  • 27.09.2019
  • 0
  • 2171

Фильм туралы...

Көптен күтен «Томирис» фильмінің тұсауы кесілді. Қыркүйек айының 25-інде Нұр-сұлтан қаласында, кеше Алматыда алғашқы көрсетілімі өтті. Көрсетілімнің алдында арнайы баспасөз жиынын өткізіп, актерлер мен фильмнің жарық көруіне атсалысқан барлық ұжым үшін қызыл кілеммен жүріп өту рәсімі ұйымдастырылды.

Премьераны қазақтың зиялы қауым өкілдері мен өнер адамдары және бұқаралық ақпарат құралдары тамашалады. Негізгі мәселе осы жерде туындады. Өйткені премьера орыс тілінде қойылған. Бұл мәселеге қайта ораламыз... Әуелі фильм туралы айтайық.

Ұлы даланы ұлықтаған патшайым туралы фильм 2,5 жыл бойы түсірілген. Негізгі локациялары – «Қазақфильм» павильондары, Қапшағай, Бурабай және Шонжы аймағы. Фильм көне түркі және көне парсы тілдерінде түсіріліп, қазақ және орыс тілдеріне аударылған.

Томирис патшайымның рөлінде - 28 жастағы Алмира Тұрсын. Бұл оның кинодағы дебюті. Фильмнің шарықтау шегі – Томиристің Кирмен соғысы. Кирдің рөлін Ридли Скоттың «Царство небесное» фильмінде Саладин патшаны сомдаған Голливуд актері Гасан Масуд сомдаса, Томиристің жолдасы Аргуннің рөлін Әділ Ахметов, ұлы Спаргаписті Асылхан Төлепов ойнаған.

Сонымен қатар фильмде Димаш Ахимов, Ерік Жолжақсынов, Байкенже Белбаев, Берік Айтжанов, Еркебұлан Дайыров, Мұрат Бисенбин, Азамат Сатыбалды, Айжан Лайджи, Аян Өтепберген, Асхат Үрпеков және тағы басқа актерлар бой көрсетеді.

Фильм Томиристің дүниеге келуінен басталады. Содан кейін бала Томиристен батыр Томириске, соңсоң билеуші Томириске айналған негізгі кейіпкер – Алмираның қабағы киноның басынан-аяғына дейін ашылмайды. Оның түксиген қабағы 2,5 сағат бойы көрерменді де «шаршатып» жіберген сияқты болды. Фильмде Томирис ойлағанының бәріне тез жететіндей әсер қалдырды.

Осындай кейбір ұсақ-түйек кемшіліктерін есепке алмағанда, фильм әдемі, жақсы, сапалы. Режиссер Ақан Сатаев «Томирис» фильмі арқылы қазақ киносын үлкен белеске көтере алған. «Томиристен» қазақ киносының алға ілгерілеуін, жалпы қазақстандық киномамандардың жетіле түскенін байқауға болады.

Қазақтың тарихи киносы 116 ұлтқа керек пе?

Біз фильмді бастан-аяқ талдап отырмаймыз. Оны көзі қырағы көрерменнің өзіне қалдырдық. Енді негізгі мәселеге көшелік.

Премьераны орыс тілінде тамашалағанымызды жоғарыда айттық. Бұл туралы фильмді қазақшалаған Ерлан Төлеутай да жазды.

«Жанымызды жабырқатқаны, бүгінгі Алматыдағы (кешегі Астанадағы да) көрсетілімді ұйымдастырушылар фильмнің орысша нұсқасын қойыпты. Мемлекеттік тілге деген осындай өрескел əдепсіздік өрекпіген көңілімізді су сепкендей басты.

Оқырманға түсінікті болу үшін айта кетейін фильм сақ заманының атмосферасын беру үшін көне түрік тілінде түсірілді. Міне, осы көне түрік тілінен аталмыш туынды қазақ тіліне аударылды. Қазақша аудармасын жасаған мен. Маған дейін бірнеше аудармашы талап қылған екен, бірақ көңілдегідей киноға лайықтап тəржімалай алмапты. Кейін фильм режиссерінің өтінішімен бастан аяқ қотарып аударып шықтым. Алайда аудармамды «Сатайфильмге» тапсыру оңай болған жоқ. Режиссер Ақан Сатаев жүз беттей аудармамды бір айға жуық уақыт қабылдады. Күнде жылан арбаған торғайдай бір-бірімізге қарап бірнеше сағаттан аңдысып отырамыз. Сөйлем түгілі əрбір сөзге үңілісеміз. Менің кез келген тарихи фильмді жазғандағы басты қаруым - қазақтың ескі қолды жалпақ тілі. Осыны қырнап, жонып кинотіліне келтіремін, ыңғайлаймын. Орнымен қолданған архаизмдер фильмге ескіліктің сарынын естіріп, бағзылықтың атмосферасын береді. Режиссер Ақан Сатаев менің бұл тәсіліме кетəрі емес, бірақ бұл ескі сөздер жаңа көрерменге түсінікті болсын деп талап қояды ол маған. Міне, осы жерге келгенде бұл пақырыңыздың «қиналған Жамбыл жері осы» болады. Сөйтіп современный көрермен түсінбейді деген үкіммен талай қария сөздерім құрбандыққа шалынды ғой. Есіме түссе əлі ішім удай ашиды.

Несін айтасыз, сол есіл еңбек бүгінгі көрсетілімде желге ұшты. Көрсетілімге фильмнің орысша нұсқасы қойылыпты» деп жазды Ерлан Төлеутай әлеуметтік желіде.

Қазақтың тарихы туралы киноны қазақтар неге орыс тілінде тамашалауы керек? Бұл сұрақты ұйымдастырушылар мен режиссерге тікелей қойдық.

«Бізде фильмнің қазақша нұсқасы толығымен бар. Бірақ Қазақфильмнің шешімі бойынша, премьераны орыс тілінде, қазақша субтитрмен көрсетеміз деген шешім қабылданды. Өйткені Қазақстанда 116 ұлт бар, осының бәрін ойластырып сондай шешімге келдік» деді режиссер Ақан Сатаев.

What?! 116 ұлт бар дейсіз... Кешегі премьераға 116 ұлттың өкілінен бір-бірден 116 адам бөтен ұлттан болды ма, Ақан мырза? Өзіңіз де көрдіңіз, премьераға келген жұрттың 98 пайызы қазақтар. Бұл жауапты ойланбай айтып қалдыңыз-ау...

Жауаптың сәл қисынға келмейтінін «Қазақфильмнің» баспасөз хатшысы Бауыржан Үсенов түсіне қалды. «Осы сұраққа «Қазақфильмнің» атынан мен жауап берейін» деп микрафонды қолына алды.

Осы кезде аздап үміттеніп қалдық.

«Өздеріңіз білесіздер, біздегі барлық кинотеатрлар жекеменшік. Бұл негізінен біздің прокат желісімен айналысатын мамандардың қолында. Негізі біз фильмнің екі нұсқасын дайындадық: қазақ және орыс тілдерінде. Прокат мамандарының таңдауы орыс тілі болды» деді Бауыржан Үсенов.

Ал біз бұл жауапқа да қанағаттанбадық. «Томирис» фильмінің премьерасы Республика сарайында болды. Оның кинопрокатқа не қатысы бар? 2,5 млрд теңге жұмсап, 2,5 жыл уақытты сарп етіп, 2,5 сағаттық фильм түсіргенде, оның таныстырылымының прокат пен кинотеатрларға қандай қатысы бар? Бұл ұйымдастырушылардың таңдауы емес пе еді?..

Прокат мәселесі...

Прокат демекші... Иә, кинодағы прокатта осындай «кемсітулер» мен шектеулер әрдайым байқалады. Тек осы жолы ғана емес, әрдайым. Бізде «фильмнің қазақша нұсқасына сұраныс жоқ» деген сылтаумен киноны мемлекеттік тілде қоймауға тырысады. Бұл әрине жекеменшік кинотеатрларымыздың істеп отырғаны.

Тек қоғам болып шулап, әлеуметтік желілерле талқылап, БАҚ-тарда жазған соң ғана қазақша қойыла бастайды. «Жаужүрек мың бала бала» фильміндегі дәл осындай проблемалар естеріңізде болар...

Осы тұста тағы бір сұрақ туындайды. Фильмді «Қазақфильм» мен қазақ режиссер Ақан Сатаев түсіреді. Неге қазақтың тарихи киносын қазақша беріп, сосын сұраныс бойынша деп орыс тіліндегі нұсқасын ұсынбасқа? Неге мемлекеттік тіліміз екінші орында қала береді?

Бұл сұрақ сіздерге де қызық па? Режиссердің жауабы тіпті қызық!

«Елімізде 116 ұлт өкілі бар, сондықтан бұл ортақ шешім болды. Барлық көрермен түсінетіндей болса дедік. Премьерада астына қазақша титр жазылады. Кинотеатрда ертеңнен бастап қазақша нұсқасы бар толығымен. Қазақша көргіңіз келсе, қазақшаға барыңыз. Сіздер білесіздер, Украинада қандай болды... Олар 100 пайыз украин тіліне ауысуға заң қабылдады. Орыс тілін алып тастаймыз, тек қана 100 пайыз украин тілінде болу керек деді. Кинотеатрларға адам барған жоқ. Содан бері бүкіл прокат бүлінді. Кинотеатрлар жабылып жатыр» деді режиссер.

Кешіріңіз, сіз қай елде тұрасыз, Ақан мырза?

Режиссердің «ертеңнен бастап қазақша нұсқасын да кинотеатрлардан көре аласыздар» дегені бар ғой... Бүгін жұма, Алматы қаласындағы барлық кинотеатрлардағы «Томирис» фильмі тек орыс тілінде. «Жарайды» дедік. Ертеңді қарадық. Сенбі, тағы да барлық жерде тек орыс тілінде. Сонда да үмітімізді үзгіміз келмей арғы күнді қарадық. Жексенбі, «Томиристің» қазақша нұсқасы тізімде тағы да жоқ. Сенбесеңіз, сіз де қарап көріңіз.

Міне, бізді мазалаған сауалдардың ешқайсына жауап ала алмадық. Сондықтан сауалды ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға тікелей жолдағымыз келеді. Себебі «Томирис» фильмі Әлия Назарбаеваның ұсынысымен, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен түсірілген.

Сонымен, қазақ киносының хәлін кімнен сұраймыз, Ақтоты ханым?

Ақбота Мұсабек

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар