06 қыр, 2019 сағат 17:12

Төлебилік кәсіпкер тау бөктеріне құлпынай егіп, табысқа кенеліп отыр

Түркістан облысында төлебилік кәсіпкер тау бөктеріне құлпынай егуді қолға алды. Алғабас елді мекенінің тұрғыны Қанат Жиенбаев бос жатқан жерге жемістің осы түрін егіп, мол табысқа кенеліп отыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жеке кәсіпкер 2015 жылдан бері бос жатқан 70 соттық жерінің 50 соттығына тамшылатып суғару әдісін пайдаланып, құлпынай көшеттерін отырғызған. Аталған шаруашылықта қажеттілікке қарай 4 адамнан 12 адамға дейін жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, күніне әрқайсысына 2200 теңгеден төлеуде. 

 

Қанат Жиенбаевтың сөзінше, маусымына 1 тонна көлемінде құлпынай алады. Өнімдерін мамыр, шілде және қыркүйек айларында жинап, саудалап жүр. Диқан алдағы уақытта ешбір дәрілік қоспасыз өнім алуды жоспарлап отыр.

 

«Өз өнімдерімді базарға шығарып әуре болмай-ақ, өзіміздің Бірінші Мамыр, Зағамбар, Ынтымақ ауылдарына 600 теңгеден сатып отырмын. «Жұмыс жоқ, ақша жоқ» деп жүрген азаматтарды осында келіп, еңбектенуге шақырар едім. Сөйтіп ауласындағы бос жатқан жерді игілігіне жаратып жатса, табысы да тұрақты болар еді»,- дейді кәсіпкер.