09 қыр, 2019 сағат 15:06

Толассыз жауыннан Алматы көшелерін су басты (Видео)

Алматыда толассыз жауған жауыннан көшелерді су басты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Су астында қалған көшелердегі көріністі тұрғындар суретке, видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге салып жатыр.

Таңға жуық басталған жаңбыр әлі де толассыз жауып тұр.

Ағын сулар арықтан асып тротуарларға жайылып жатыр. Әсіресе көпірлердің асты мен сайларда су тізеге жетіп қалды.

Жаяу жүргіншілердің көпшілігі су кешіп жүр. Қаланың біраз учаскесінде қозғалтқышына су тиген көліктер тоқтап тұр.

«Қазгидромет» РМК болжауынша, бүгін түнде ауа температурасы +11 градусқа дейін түспек. Жауын-шашын ертең де жалғасуы мүмкін. Ашық күн райы 11 қыркүйек күні ғана күтіледі.

Қалалық Төтенше жағдайлар департаменті синоптиктердің ескертуіне байланысты хабарландыру таратып жатыр. «10-11 қыркүйек аралығында Алматы қаласына жақын орналасқан аумақтарда нөсерлі жаңбырдың болжануына байланысты, кей жерлерде қатты ағындар қалыптасып, тау өзендерінде су деңгейі көтерілуі мүмкін», - делінген хабарламада