27 қыр, 2018 сағат 23:40

Токиодағы кинофестивальде «Өзен» фильмінің тұсаукесері өтеді

Отандық режиссер әрі сценарист Эмир Байғазиннің «Өзен» фильмі 25 қазан мен 3 қараша аралығында Токиода өтетін 31-ші халықаралық кинофестивальдің негізгі байқауына қатысады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазақфильм» киностудиясының хабарлауынша, Фестивальдің негізгі байқауына 109 елден 1,8 мыңнан астам фильм келіп түскен. Нәтижесінде, негізгі байқауға отандық «Өзен» фильмінен басқа, Еуропа, Азия және Африка режиссерлері түсірген 15 фильм іріктелініп алынды. Фестивальдің ашылу салтанатында Брэдли Купердың режиссерлік дебюті - «Жұлдыз туылды» мюзиклі көрсетілетін болады. 

Аталған халықаралық кинофестивальдің қазылар алқасының құрамына режиссер Брильянте Мендоса, продюсер Брайан Берк, актрисалар - Таране Алидости және Кахо Минами, режиссер әрі продюсер Стэнли Кван кірді. 

«Эмир Байғазин - Қазақстан атынан ұсынылып отырған «Өзен» фильмінің режиссері. Бұл фильм ерекше түсірілген. Эмир Байғазин - осы есімді естен шығармаңыздар», - деді фестивальдің директоры Ёси Ятабэ фильмнің таныстырылымында. 

«Өзен» фильмінің әлемдік тұсаукесері Венеция кинофестивалі шеңберінде өткен болатын. Бұл фестивальдің «Көкжиектер» бағдарламасында Эмир Байғазин үздік режиссер атанды. Ал фильмнің Солтүстік Америкадағы тұсаукесері қыркүйек айында Халықаралық Торонто кинофестивалі аясында өтті. Кинотуынды фестивальдің «Тұғырнама» («Платформа») конкурстық бағдарламасында  көрсетіліп, қазылар алқасының құрметті аталымына және Screen Daily тәуелсіз киносыншылардың рейтингісі тізімінде алдыңғы қатардан көрінді. Одан бөлек, «Өзен» фильмі үшін Эмир Байғазин Голливудтың шетел баспасөзі қауымдастығының грантына ие болды. 

«Өзен» фильмі өркениеттен алыс жерде тұратын, қаладан келген қонақтан кейін өмірлері күрт өзгере бастаған бес ағайынды туралы баяндайды. Аслан туралы трилогияның алдыңғы екі бөлімі 2013 және 2016 жылдары Берлин кинофестивалінің негізгі бағдарламасына қатысқан болатын. «Асланның сабақтары» фильмі «Күміс аю» және Morgenpost неміс газетінің жүлдесімен марапаталған.