03 там, 2018 сағат 13:47

Токиода алты жастағы қазақстандық көз жұмды

Өскемен қаласының 6 жасар тұрғыны Райана Сковородникова бүйрек қатерлі ісігіне шалдыққан еді. Ол Жапония астанасы Токио қаласында көз жұмды.

Бүлдіршін ұзақ уақыт бойы нефробластома (бүйрек обырымен) диагнозымен ауырған. Қазақстандықтар мен әлемнің басқа да тұрғындары оған көмектесу үшін қаражат жинаған.

Қыздың анасының айтуынша, оның қызының жағдайы ұшақта нашарлап кеткен.

«Ұшақта қызымның жағдайы нашарлап кетті. Қаладағы ауруханалардың бірінде оған дәрі салды. Ол жол бойы үйге қайтқысы келетінін айтты. Оны бір емханадан екінші емханаға апарып, түтік салды. Өкпесінде сұйықтық жиналып қалған. Оның жүрегі тоқтап қалды», - деп жазды анасы Instagram парақшасына.

Бүлдіршін қыз ем алуға үлгермей қалды, оның қабылдауы 2 тамызда еді.

Қазір оған қызын Қазақстанға жеткізу үшін көмек керек.

"Жапон дәрігерлері қолдан келгеннің бәрін істеді, қасында болуыма жағдай жасады. (…) Енді Райананың денесін Қазақстанға алып келумен айналысамын. Қанша уақыт кетерін білмеймін, үйге қайтқымыз келеді", — деп жазады қыздың анасы Екатерина Кирченко әлеуметтік желіде.

Әйел адам атап өткендей, Қазақстанның консулдары мәйітті жеткізуге жәрдемдеспек екен.

"Біреулер: "Сол жақта жерлеңдер", — дейді. Оған жол бере алмаймын: бұл жерде адамды жерлемейді, мәйітін өртейді, мұнда тіпті мұсылмандар да аз. Олай ете алмаймын", — дейді Екатерина Кирченко.

Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі қыздың қазасы туралы ақпаратты растап, Токиодағы консул бүлдіршіннің мәйітін Қазақстанға жеткізуге қажет құжаттарды рәсімдеп жатқанын хабарлады.