01 там, 2019 сағат 10:55

Токио Олимпиадасы: Боксшылардың жарыс кестесі бекітілді

Токио Олимпиадасының ұйымдастыру комитеті бокстан келесі жылы өтетін Олимпиада ойындарының кестесін жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР Бокс федерациясы хабарлағандай, Токио Олимпиадасының ұйымдастыру комитеті бокс бәсекесінің жарыс кестесін ресми түрде бекітті.

Олимпиада ойындарының басты додаларының бірі бокс бәсекесі 2020 жылдың 25 шілдесі мен 9 тамызы аралығында «Кокугикан Аренада» өтпек.

Бірінші жарыс күні шаршы алаңда жартылай орта, жартылай ауыр және ауыр салмақтағы ерлер, сондай-ақ, жартылай жеңіл салмақтағы әйелдер шығады.

Ал финалдық бәсекелер 4 тамызда басталады. Турнирдің соңғы жарыс күні Токио ойындары аяқталатын күнге тұспа-тұс келеді.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Азия елдері үшін біліктілік турнирі қаңтар айында Қытайда, ал екінші әлемдік турнир мамыр айының басында Олимпиада ойындары өтетін Жапонияда өткізілетіні туралы хабарлаған болатынбыз.

Қазақстандық боксшылар қатысатын Азиялық біліктілік турниріне ерлер арасында 41 лицензия және әйелдер арасында 22 лицензия ойнатылады. Ерлер арасында олар былайша бөлінеді: 52 кг-ға дейін, 57 кг-ға дейін және 63 кг-ға дейін салмақ санаттарында алты квота, 69 кг-ға дейін, 75 кг-ға дейін және 81 кг-ға дейін салмақ санаттарында бес квота.

Ал, әйелдер арасында континенттік турнирде лицензиялар келесідей бөлінетін болады: 51 кг дейінгі салмақ санатында алты квота және қалған салмақ санатында төрт квота (57 кг дейін, 60 кг дейін, 69 кг дейін, 75 кг дейін).

Әлемдік іріктеу турниріне континенталдық жарыстарда лицензия ала алмаған боксшылар қатысады. Оларға ерлер арасында Токиода өтетін Олимпиадаға 31-35 квота және әйелдер арасында 19-21 квота бөлінеді.