05 мау, 2019 сағат 11:59

Тоқаевтың сенімді өкілдері Шымкент жұртшылығымен кездесті

Президентікке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаев штабының өкілдері Шымкентте бірқатар нысанда кездесу өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" штабтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Штаб мүшелері алдымен қалалық №3 емхана қызметкерлерімен кездесті. Үгіт-насихат тобы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел басқарудағы көрегендігі, ішкі тұрақтылықты сақтай алған парасаты жайлы айтты. Бұған дейін Шымкент қаласының тұрғындарына қызмет көрсететін емханалар саны тым аз еді. Қазір емхана, аурухана, қан орталығы, жаңа перзентхана мен балалар ауруханасының саны көбейіп, ескі ғимараттардың қатары азайған.

Сонымен қатар, республикалық қоғамдық штабтың мүшесі Дархан Мыңбай мен кандидаттың сенімді өкілі Ерғали Бөлегенов жергілікті шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесті. Олардың айтуынша, тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда 1250 ірі кәсіпорын ашылды. Онда 500-ге тарта жаңа өнім өндіріледі. Соның нәтижесінде Қазақстанда жасалған тауарлар әлемнің 110 еліне экспортталып жатыр.

Жиында Дархан Мыңбай жиналған көпшілікке Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы туралы әңгімеледі. Ал, Ерғали Бөлегенов Қасым-Жомарт Тоқаевтың ішкі саясатты дамытуға қосқан еңбегін атап өтті. Шымкент механикалық зауытының директоры Мейірбек Көшенов жерлестерін 9 маусым күні сайлауға бір кісідей атсалысуға шақырды.

Сондай-ақ, Шымкент қалалық қоғамдық штабының мүшелері «Қазығұрт» ықшамауданы тұрғындарымен кездесті. Жиналған қауымға олар «Nur Otan» партиясы кандидатының сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды. «Nur Otan» партиясының Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Бауыржан Қуанышбеков Қасым-Жомарт Тоқаевтың өмірбаянына, оның ішкі және сыртқы саясаттың дамуына қосқан үлесіне тоқталып өтті.

Айта кетейік, алдағы 9 маусым күні өтетін президент сайлауына 7 кандидат қатысып жатыр.