07 ақп, 2019 сағат 10:04

Тоқаев: Жастардың отаншылдық рухы ұраншылдыққа негізделмеуі тиіс

Жастардың отаншылдық рухы жалаң ұраншылдық пен жоғары мансапқа емес, ең алдымен терең білімге негізделуі тиіс. Бүгін Жастар жылын өткізудегі мақсат пен міндеттерге арналған дөңгелек үстел отырысында Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазір әлем күн санап құбылу үстінде. Жаһан дамуының кейбір тұстары адамзат үшін үнемі тиімді бола бермейтіні даусыз. Халықаралық ахуал шиеленіскен кезеңде біздің мемлекетіміздің қауіпсіздігіне төнетін сын-қатерлер де арта түседі. Осындай аса күрделі әлемдік ахуалда елдігімізді сақтап қалу мен табысты дамудың бірден-бір жолы, шын мәнінде ұлт болып ұйыса отырып, әрекет ету екенін түсінуіміз қажет. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан халқының жарқын болашағын қамтамасыз ету тікелей өзіміздің іс-әрекетімізге байланысты. Мемлекеттің дамуы, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ұлтымыздың өркендеуі біздің өзімізден басқа ешкімге қажет емес екені анық. Сондықтан біз жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеудің аса маңызды міндет екені туралы сөз қозғап отырмыз. Алайда, жастардың отаншылдық рухы жалаң ұраншылдық пен жоғары мансапқа емес, ең алдымен, терең білімге негізделуі тиіс», - деді Сенат төрағасы.

Осы орайда ол келешек - шынайы біліммен қаруланғандардың қолында екенін атап өтті. Инновациялық табысқа қол жеткізген және сол жетістіктерді өз халқының игілігі үшін пайдалана білген мемлекеттер ғана көш алдында болары анық.

«Бұл орайда, дамыған елдер жасанды интеллект пен өзге де маңызды ғылыми зерттеулерге айтарлықтай қаражат бөліп отырғаны кездейсоқ жағдай емес. Басқаша айтқанда, әлем қауымдастығы айқын қарама-қайшылықтардың алдында тұр. Ғылым мен жаңа технологияларға ден қойған мемлекеттердің жолы даңғыл болары сөзсіз. Қалғандары күнкөрістің қамын күйттеп, жолы болып жатса дайын ғылыми өнімді тұтынушылардың қатарына қосылады.

Сондықтан әлемдік дамуда орын алып отырған болжамдарға немқұрайлы қарамай, тиісті қорытынды шығаруымыз қажет. Бұл тұста жастардың күш-жігері мен белсенділігінің аса маңызды екенін айту керек», - деді Қ. Тоқаев.