26 ақп, 2020 сағат 11:56

Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Михаил Дорофеевті қабылдады

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Михаил Дорофеевті қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, белгілі журналист Михаил Дорофеев Мемлекет басшысына отандық ақпарат кеңістігіндегі ахуал жөнінде ой-пікірін айтты.

Сонымен қатар әңгімелесу барысында бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, мемлекеттік ақпараттық тапсырысты тиімді жүзеге асыруға, сондай-ақ, журналистердің құқығын қорғауға қатысты мәселелер сөз болды.

Михаил Дорофеев Қасым-Жомарт Тоқаевқа медиа-қоғамдастықтың атынан жала жабу туралы Қылмыстық кодекстің 130-бабын қылмыстық деп танымау жөніндегі шешімі үшін алғыс білдірді.

Қазақстан Президенті телевизиядағы сапалы контентті дамытудың маңыздылығын атап өтіп, мемлекет тарапынан отандық БАҚ-қа қолдау көрсетіле беретінін айтты.