21 мам, 2019 сағат 20:00

Тоқаев – тиімділігі жоғары топ-менеджер

1999 жылдың күзінде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Премьер-министрі болып тағайындалды. Алайда, бұл тағайындауға көп адам күдікпен қарағанын қалай жасырамыз? «Дипломат экономиканы басқара алар ма екен?» деген әңгімелердің де ұшы шықпай қалған жоқ. Дей тұрғанмен, көп ұзамай бұл сенімсіздіктің де бұлты сейіле бастады. Бұған дейін таза сыртқы саясатпен айналысып келген Қасым-Жомарт Тоқаев «Талантты адам барлық істе де талантты» деген киелі тіркесті жаңа лауазымына кіріскен алғашқы күннен дәлелдей бастады. Шынында да тоқсан тоғыз мәселенің басын қайыратын Үкіметтің жұмысын басқару үшін тек экономист болу шарт деген қатып қалған қағида жоқ. Бұл жерде ең бастысы топ-(кризис)-менеджерлік қабілет қажет. Міне, дәл осы қасиет оның бойынан табылғаны барлық табыстың бастауы болды.

Шынында да басшылардың екі түрі бар; бірі оңай жұмысты қиындатады, ал біреулер бар: қиын жұмысты оңайлатады. Жаңа Премьер-министр соның екіншісі болып шықты. Үкімет мүшелерінің іс-қимылын бір арнаға бұра алатын ұтқыр ұйымдастырушылығымен көзге түсе бастаған Қасым-Жомарт Тоқаев министрлердің қарым-қабілеті мен біліктілігін де біліп үлгерді. Кімді, қашан, қалай тыңдау керектігін өте жақсы білетін дипломатиялық интуициясы да әр кезде көмекке келетін. Ол енді кімді, қашан, қалай қолдау керек екенін де меңгеріп алды. Мықты маманның қадіріне жете білетін, оны қиын сәтте іргелі істерге жұмылдыра білетін Қасым-Жомарт Тоқаев жаңаша ойлай білетін министрлерге арқа сүйеді, оларды керек жерінде ерекше қолдап отырды. Ол жылы креслосын күйттеп, қарамағындағыларға өзінің ақылдылығын дәлелдеп кетпеді, іс мүддесін алдыңғы орынға шығарып, шаруаның тез әрі нәтижелі жолын табуы үшін корпоративтік рухты дамытумен көбірек айналысты. Бұл Үкімет басшысы үшін таптырмайтын қасиет еді.

Ал, «Биылғы жылды экономикалық өсумен аяқтау мүмкін емес!» деп сәуегейлік таныта бастаған экономикадан хабары бар деген сырт көз жаңа Премьердің алғашқы күннен басталған дені дұрыс амбициясын аңдумен отырды. Оның үстіне жылдың аяқталуына да үш айға жетпейтін уақыт қалған. Шынында да жылды ең болмаса 1 пайыз экономикалық өсумен аяқтаудың өзі қиял-ғажайып ертегідей болып тұрған кез. Үкімет басындағы қызметін қызу бастаған Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ситуациядан әдемі шыға білгенін сол кездің статистикалық мәліметтерін ақтарып отырып көз жеткізу тіпті де қиын емес. Ол басқарған Үкімет жылды Ішкі жалпы өнімнің 4 пайыздық нақты өсімімен жапты. Келесі 2000 жылдың бірінші жарты жылдығын 11 пайыз өсіммен қорытындылады. Ал, өз орнын келесі Премьерге бұл көрсеткішті 13,6 пайыз көлемінде тапсырып кетті. Мұндай жоғары көрсеткішке оған дейінгі және онан кейінгі ешқандай Үкімет жетіп көрген жоқ. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзіндік рекорды екені сөзсіз. Сонымен қатар әртүрлі Министрлер Кабинеті кезеңдеріндегі инфляция көлеміне көз жүгіртсеңіз де Қасым-Жомарт Тоқаев басқарған Үкіметтің асығы алшысынан түскенін көрмеу мүмкін емес.  Олар билікке келгендегі 20 пайыз инфляцияны кеткенге дейін 5 пайызға дейін төмендете білгенін байқайсыз. Ең бастысы, әдістемелік зерттеулерге қарағанда жұмыс істеу тиімділігінің коэффиценті 3.35 бета4-ке тең болып, макроэкономикалық көрсеткіштердің биігіне көтерілген Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдына әлі күнге дейін басқа бірде-бір Премьер-министр түсе алмай келеді. Дәл қазір ҚР Президенті сайлауына үміткер болып тіркелген оның бұл еңбегін де астын сызып айту – парыз.

Дегенмен, Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметі мұндай толағай көрсеткішке қалай қол жеткізді? Енді соған тоқталғанымыз жөн болар. Кез келген істе басым бағыттарға ерекше мән беретін ол ең алдымен сол кездегі Үкіметтің халық алдындағы әлеуметтік қарызын жабу мәселесін бірінші болып қолға алды. Шамамен 50 млрд. теңге қарызды халыққа қайтару ол кезде оңай шаруа емес еді. Халықтың өз несібесін, өз ақшасын тезірек өздеріне қайтару туралы әңгіме төтесінен қойылды. Мәселені батыл да өткір қоя білетін Қасым-Жомарт Тоқаев сонда ғана ішкі сұраныстың артып, экономиканың қарқынды дамуына жол ашылатынын қадап айтты. Сондықтан жалақы мен зейнетақыны бұдан былай уақытылы төлеудің қажеттілігі күн тәртібіне қатаң енгізілді. Бұл әлеуметтік маңызы зор мәселе көп ұзамай шешілді. Қаражат көздері ретке келтіріліп, бюджеттік ұйымдар мен мекемелердің қызметкерлеріне берілетін айлық пен зейнеткерлік қарыздар толықтай жабылды. Мәселенің бұлай шешілуі тағы бір проблеманы тарқатуға да сеп болды. Көп ұзамай еліміздің ішкі өндірісі де жандана бастады. Мұның бәрі бюджетті нақты жоспарлап, оны іске асыру үшін «Қаржы-несие саясаты», «Бюджет пен бюджетке түсетін салықты реттейтін фискальді саясат», «Сауда-кеден саясаты», «Инвестициялық саясат» сияқты экономикалық реттеуші құралдарды тиімді пайдаланудың арқасында жүзеге асырылды. Қысқасы, Премьер-министр  Қасым-Жомарт Тоқаев осы экономикалық құралдарды ретіне қарай қолдана отырып, экономикалық саясатты жандандыра алғаны оның бірінші жеңісі еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев енгізген тағы бір жаңалық – алғаш рет біздің нарықтық экономикамызда индикативті жоспардың жасалуы. Бұл – белгілі бір жүйеге бағытталған жоспар. Ел Үкіметі осы жоспар негізінде әлеуметтік-экономикалық дамуды жүйелі түрде жүргізетін болса және бұқараны осы идея төңірегіне топтастырып, жұмылдырып жұмыс істете білетін болса, онда халықтың атқарушы билікке деген сенімі ұлғайып, ертеңгі күнге деген үміті нығая түсетін еді. Ол осыны жақсы сезіне білді. Ең бастысы, индикативті жоспар жеке сектордың қай бағытта дамуына бағдар беруімен құнды құжат екенін бар жанымен түсінді. Үкімет осылай шағын және орта бизнес арқылы халықтың ортақ іске жанашырлығын оятып, олардың бойында мемлекетшіл рухты шегендеп, жеке бас мүддесінен гөрі ел мүддесін алға қоя білетін ұрпақ қалыптастыруға бет алды. Осы мақсатта ел тарихында бірінші рет 3 жылдық индикативті жоспар қабылданды. Бұдан соң 3 жылдық бюджетке көшу де тәжірибеге ене бастады. Экономиканың өсуіне ерекше әсер еткен екінші іргетас осы болғаны қазір дәлелдеуді қажет етпейді.  

Қасым-Жомарт Тоқаев сонымен қатар шағын қалалардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын зерттеуді алға қойып, моноқалаларды дағдарыстан қалай алып шығуға болатындығына айтарлықтай мән берді. Жаңадан құрылған Экономика министрлігінде осы мәселелерге көбірек көңіл бөлінуін тапсырып, осы бағытта ауқымды бағдарлама жасауды тапсырды. Және ол бағдарлама өмірге жолдама алды. Осындай кең ауқымды жұмыстардың барысында ел экономикасы нығайып, қарқын алып қана қоймай, әлеуметтік салаларға қан жүгіре бастады. Бұл кезде ел экономикасы бұрынғыдан да қарқын ала бастады. Нарықтық қатынастар қоғамның барлық саласына кең таралды. Халық тұрмысы түзеле түсті. Халықаралық қатынастар өркендеп, Қазақстанның шет елдермен қарым-қатынасы нығайды. Сауда, техника, білім, мәдениет, руханият саласындағы алыс-беріс, барыс-келіс дамыды. Міне, осындай өсіп-өркендеу құбылыстары арта түскен сайын оның мемлекетаралық заңдық, заңнамалық талабы да күшейе берді. Қазақстанның әр салада әлемдік ұйымдардың қатарына мүше болу қажеттілігі мен міндеттілігі туындады.

Ол кезде Қазақстан «Нарықтық қатынастар елі» деген статусқа әлі қол жеткізбеген еді. Сондықтан дамыған елдердің бізге қосымша талаптар қоя отырып, экспортымызды шектеуі оп-оңай болатын. Шикізат өнімдерін шетелге шығаруды енді жолға қоя бастаған кез. Міне, осы тұста  Қазақстан экспортына қатысты түйткілді мәселе кесе көлденең шыға берді. Ол шығарылатын өнімдердің бағасы мен сапасына қатысты еді. Отандық өндіріске «Сапа менеджменті» жүйесін енгізіп, халықаралық стандартарға сай экспортқа шығатын өнімдерді сертификациядан өткізу қажеттігі туындады.  Бұл – дүниежүзілік талап. Үкімет бұған дейін өз еліміздің ішінде тұтынылатын тауарларға «Сапа менеджментін» тағайындау жөнінде бірталай жұмысты қолға алып үлгерген. Соған орай елімізге келіп, жұмыс істеп жатқан шетелдік компаниялар Қазақстанның тауарларын жаңа ғана тұтына бастаған кезі еді. Енді бұл талап экспортқа шығаратын  өнімдерге де қойыла бастады. Одан бөлек Америка Құрама Штаттары мен Еуропа елдері біздің «Нарықтық қатынастар елі» деген статусымыздың жоқтығын алға тартып, біздің экспортымызды шектей бастады. Бұл жылдам шешуді талап еткен күн тәртібіндегі өзекті мәселе болатын. 

Қазақстанның «Нарықтық қатынастар елі» деген статусы бізге не береді? Мәселен, металл өнімдерінің арзандығы секілді тағы басқа дау туа қалса, бұдан кейін нарықтық қатынасты ел ретінде бізге ешкім антидемпингтік саясат қолдана  алмайды. Баға және өнімнің өзіндік құны туралы мәселені арнайы халықаралық ұйымдар зерттеп, сараптайтын болады. Егер біздің ел бұл мәртебеге қол жеткізбесе, арнайы халықаралық ұйымның қатысуынсыз-ақ Қазақстаннан барған тауарларға шектеу қоюға басқа ел құқылы болып шыға келеді.

Ұзын сөздің қысқасы, осы толып жатқан сұрақтарды шешу үшін Америка Құрама Штаттарында халықаралық жоғары деңгейдегі кездесулер басталып кетті. Осының барысында ел экономикасының толық нарықтық принциптерге сәйкес жұмыс істеп тұрғаны туралы қомақты дәлелдер келтірілді.  Көп ұзамай Қазақстанға «Нарықтық қатынастар елі» деген статус берілді. Бұл да Қасым-Жомарт Тоқаевтың ат аунағанша ақыл тауып, абыроймен атқарған халықаралық деңгейдегі тағы бір жеңісі болатын.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекетшілдігі мен халықшылдығы сонда, Үкіметке келген бетте әлеуметтік топтардың тұрмысына көңіл бөлуді қолға алды. Үкімет «кедейшілік деңгейі» деген арнайы зерттеулерді ұдайы жүргізіп отырды. Осы зерттеулердің нәтижелерін жариялаған кезде де оның Үкіметі қарсылыққа ұшырады. Бұл кеңес кезіндегі «бізде бәрі жақсы» деген жауырды жаба тоқитын психологияның салдары еді. Осы жерде  Тоқаев Үкіметі Қазақстан қоғамының нарықтық экономикалық сипатқа толығымен көшкенін, мұндай қоғамда кедейшіліктің кездеспей қоймайтынын алғаш рет ашық алға тартты. Сондықтан да Үкімет қоғамдық үрдіске қарсы келудің орнына нарықтық қатынастарды реттеу үшін кедейшіліктің салдарын, кедейлердің санын, кедейліктің ауқымын барынша терең, жан-жақты зерттеп отыру керек екеніне, онсыз көптеген мәселе шешілмейтіндігіне көз жеткізуге барынша тырысып бақты. Көп уақыт оздырмай Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметінің пәрменімен «Кедейшілікке қарсы күрес» деген ауқымды бағдарлама қабылданды. Кедейлік көбейген кезде наразылық күшейеді. Ал, наразылық болған жерде ұрлық та, қылмыс  та, тәртіп бұзушылық та асқына түседі. Сондықтан билік ел ішінде орта дәулетті адамдардың неғұрлым көп болуын қамтамасыз етуге барынша ұмтылды. Үкімет шағын және орта бизнестің дамуына, жалданбалы жұмысшылар жалақысының тұрақтылығы мен өсуіне ықпал етуді өзінің басты парызы санады. Бұл ұмтылыстар да өз нәтижесін сол кезде бермей қалған жоқ. Сондықтан да Тоқаев Үкіметі халықтың мүддесіне сай жұмыс істей білді деп батыл қорытынды жасай аламыз. Анығы сол, Тоқаев Премьер-министр креслосында өзінің тиімділігі жоғары топ-менеджер екенін толық және түпкілікті дәлелдеп шыққан еді. 

Дұрыс таңдау – Елдігімізді аялау!