13 қыр, 2019 сағат 12:56

Тоқаев Қытайға сапарында Ақжарқын Тұрлыбайдың тағдырына араша түсті

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға мемлекеттік сапары барысында осы ел түрмесінде жатқан отандасымыз Ақжарқын Тұрлыбайдың мәселесін көтерді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Президентінің көмекшісі Мұрат Нұртілеуов мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Біз жол жүргелі отырғанда Қасым-Жомарт Кемелұлының атына 2014 жылы Гуанчжоу әуежайында Қытай құқыққорғау органдары ұстаған отандасымыз Ақжарқын Тұрлыбайдың анасынан өтініш түскен болатын. Оның мәтіні БАҚ-та жарияланды. Осыған орай Мемлекет басшысы Бейжіңдегі кездесулерде қытай тарапына жеке өзінің өтінішін жеткізді. Бұл мәселе жан-жақты талқыланды», - деді Мұрат Нұртілеуов.

Оның атап өтуінше, өтініш нәтижесі бойынша Сыртқы істер министрлігі арқылы осы жұмысты жалғастыру уағдаластығына қол жеткізілді.

«Мемлекет басшысы өз тарапынан бұл мәселеге үлкен көңіл бөліп отыр. Сондықтан сапар нәтижесі бойынша берілетін тапсырмалар тізіміне отандасымыздың тағдырына қатысты мәселе арнайы тармақ ретінде енгізіледі», - деді Президент көмекшісі.

Еске сала кетейік, Қазақстан азаматы Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы наурызда Гуанчжоу әуежайында ұсталған болатын. Оған шекарадан 4,5 келі есірткіні алып өтпек болды деген айып тағылды. Ол кезде отандасымыз 20 жаста болған еді. 2015 жылдың маусымында Қытай соты оны өмір бойына бас бостандығынан айырды. Сотта Ақжарқын шетелдік досы алдап кеткенін айтып, кінәсін мойындаған жоқ.

2016 жылы сот шешімі жойылып, іс қайта қарауға жіберілді.

Биыл 3 қыркүйекте Қытайдың Гуанчжоу қалалық сотында Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі бойынша отырыс өтті. Отырыста қорғаушы тарап ұсынған қылмыстық іс материалдары қаралды. Үкімнің қашан жарияланатыны белгісіз.

Ал 9 қыркүйекте отандасымыздың анасы Зухра Сейтімова Қазақстан президентіне көмек сұрап хат жазғаны хабарланды.