30 мам, 2018 сағат 07:35

Тоқаев Қытай делегациясын қабылдады

Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Халық өкілдерінің бүкілқытай жиналысы Тұрақты комитеті Төрағасының орынбасары Айлигенг Имингбахай бастаған ҚХР парламенттік делегациясын қабылдады.

«Біз Қытаймен жан-жақты стратегиялық әріптестікке зор маңыз береміз, оны нығайтуға біздің мемлекеттеріміздің басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпин шешуші үлес қосты», - деп атап өтті Қ.Тоқаев.

Қазақстан Парламенті жоғарғы Палатасының басшысы Президент Н. Назарбаевтың Қытайға алдағы мемлекеттік сапары мен оның Циндаодағы ШЫҰ Саммитіне қатысуы екіжақты қатынастарға жаңа серпін беретініне сенім білдірді.

Қ.Тоқаев заң шығару органдары деңгейіндегі байланыстар қарқынының арта түсуін саяси үнқатысудың маңызды бөлігі екенін айтты. Көптарапты парламентаралық ұйымдар аясындағы күш-жігерді үйлестіру жаңа мүмкіндіктер ашатын болады.

Сенат Төрағасы діндер және өркениеттер үнқатысуын нығайту ісіндегі Қазақстанның күш-жігері туралы қытай жағын хабардар етіп, алдағы 10-11 қазанда Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VI Съезінің күн тәртібі «Діни көшбасшылар қауіпсіз әлем жолында» тақырыбына арналатынын атап өтті.

А. Имингбахай Қазақстанмен стратегиялық әріптестікті дамытуға Қытайда баса назар аударып отырғанын және алдағы маусымдағы жоғары деңгейдегі кездесу нәтижелі болуына зор күш-жігер салып отырғанын айтты.

ҚХР Парламентінің Вице-спикері парламентаралық байланыстарды тереңдетуге арналған бірқатар ұсыныстар айтты. Атап айтқанда, А. ИмингбахайҚазақстан парламентшілеріне Қытайдағы бірлескен семинарға шақыруды жеткізді. ХӨБЖ делегациясының басшысы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі заңнамалық шаралар саласында тәжірибе алмасуды белсенді түрде жүргізуге шақырды. Одан басқа, халық дипломатиясына қарқын беруге, ғылыми-техникалық, білім беру, мәдени салалардағы байланыстарды жалғастыруға ықылас білдірді.

Әңгіме барысында сауда-экономикалық және көлік-логистика ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеру мүмкіндігі талқыланды. Қ.Тоқаев қытайлық трансқұрылықтық «Бір белдеу, бір жол» жобасы мен Қазақстанның «Нұрлы жол» бағдарламасының үйлесуі арқасында ашылатын ауқымды мүмкіндіктерге назар аударды. Айлигенг Имингбахай өз кезегінде электрондық коммерция мен цифрлық технология секілді келешегі бар салалар өзара іс-қимылға жаңа серпін беретіні туралы пікірін білдірді.

Қ.Тоқаев қорытынды сөзінде түрлі саладағы өзара әріптестік қатынастар орнаған көрші мемлекеттер арасында қандай да бір өзекті мәселелер туындауы ықтимал екенін, сондықтан олар достық рухындағы дипломатиялық консультациялар мен келіссөздер арқылы ғана шешілуі тиіс екенін атап өтті. Төраға алдағы жоғарыдағы кездесуде барлық мәселелер тиімді келісімдерге келу, өзара сенім және дәстүрлі достық негіздерінде шешілетініне сенім білдірді.