21 ақп, 2020 сағат 14:15

Тоқаев: Қазақстандық банктің жұмысына техникалық инновацияларды енгізу маңызды

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Kaspi.kz компаниясының негізін қалаушылар Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзені қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Kaspi.kz Директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким мен Басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе Президентке цифрлық қызмет көрсету сервисінің және тиісті экожүйенің даму стратегиясы, сондай-ақ, Қазақстандағы электронды коммерцияның өсу перспективалары туралы баяндады. Әсіресе компанияның шағын және орта бизнеске қолдау көрсету жөніндегі жоспарына ерекше мән берілді.

Мемлекет басшысына Kaspi.kz компаниясының акцияларын алдағы уақытта Лондон қор биржасы мен Астана халықаралық қаржы орталығының алаңдарына ашық түрде орналастыруға дайындық жайы айтылды.

Сондай-ақ, Президент қазақстандық банктің жұмысына техникалық инновацияларды енгізудің маңызды екенін атап өтті.