19 мау, 2019 сағат 10:42

Тоқаев: «Айбын» – отаншыл жастарды адал қызмет етуге тәрбиелейтін бірегей алаң

ҚР Президенті - Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысында өтіп жатқан «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынында сөз сөйледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың Twitter парақшасына сілтеме жасап.

Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев сарбаздарға жалынды тілегін арнады. 

«Отанымыз - Мәңгілік елдің беделін арттыра беру - Сендерге артылған зор үміт. Сондықтан, жастарымыз ұлттық құндылықтарымызға адал болып, Қазақстанның жетістіктерін еселей береді деп мен кәміл сенемін.

Жақсы дәстүрге айналған «Айбын» әскери-патриоттық жиыны – отаншыл жастарды адал қызмет етуге, Ел қорғаны болуға тәрбиелейтін дәл осындай бірегей алаң.

Әскери-патриоттық қозғалыстың басты мақсаты – өздеріңіз сияқты жалынды жастардың басын қосып, ел дамуына қажетті маңызды жұмыстарға белсене араластыру, күш жұмылдыру. Отан үшін аянбай еңбек ету – баршамызға ортақ міндет.

Жасампаздық, бейбітшілік пен келісім, халқымыздың бірлігі, Отанға деген сүйіспеншілік және бәрімізге ортақ тағдыр жолы – біздің халқымызды біріктіретін құндылықтар. Бұл құндылықтар – жастардың басты бағдарына айналуы тиіс», - деді ҚР Президенті.

Мемлекет басшысы сөз сөйлегеннен кейін «Айбын» туы көтерілді. Туды көтерудің ерекше құқығы «Қайсар» әскери-патриоттық клубының капитаны, «Айбын-2018» гран-при иегері Асхат Мақышевқа берілді. 

Одан кейін «Жас сарбаз» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, аға лейтенат Мейірбек Мендіғалиев жиынның қатысушыларымен бірге жарыстарды әділ өткіз туралы ант берді. 

Салтанатты ашылу рәсімі барысында құрлық әскерлері әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері, әуе қорғанысы күштері құрамы қару-жарақ пен әскери техниканың жауынгерлік мүмкіндіктерін көрсетті (артиллериядан, танкіден, армиялық авиация тікұшақтарынан және заманауи көп функционалды СУ-30 СМ жойғыштары). 

Бесінші әскери-патриоттық жастар жиыны 22 маусымға дейін жалғасады. Жарыстардың қорытындысы бойынша үздік командалар мен айрықша көзге түскен қатысушылар марапатталады.