06 қыр, 2019 сағат 16:23

Тоқаев Арыс қаһармандарын марапаттады

Мемлекет басшысы 24 маусымда Арыс қаласында болған төтенше жағдай кезінде және қару-жарақ қоймасындағы жарылыстың салдарын жою барысында ерекше көзге түскен еліміздің азаматтарына мемлекеттік наградалар тапсырды. «Ақорда» резиденциясында өткен салтанатты жиында 40 адам марапатталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде тұрғындарды құтқаруға және Арыс қаласын қайта қалпына келтіруге атсалысқан барлық азаматқа ризашылық білдірді.

Президент 24 маусым халқымыздың тағы бір сынақтан сүрінбей өткен күні ретінде тарихта қалатынын айтып, Арыс тұрғындарының тыныштығы бұзылғанымен, елдің рухы түспегенін айтты.

"Қайғылы жағдай ешкімді бей-жай қалдырмады. Арыс қаласын бүкіл ел болып қалпына келтірдік. Бұған Қазақстанның әр тұрғыны үлес қосты. Патриотизм мен шынайы көмектің осындай жарқын үлгісінің негізінде жастарымызды тәрбиелеуіміз керек", – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, сын сағатта біраз азамат сабырлық танытып, ерен ерліктің үлгісін көрсете білді.

"Мысалы, көлік жүргізушісі Асқар Әбдіхалықов "Лидер" балабақшасындағы 70 баланы қатерден құтқарды. Ал медбике Күмісай Тұманова ауруханада емделіп жатқан балаларды қауіпсіз аймаққа жеткізді. Олар сол сәтте өздерінің өміріне де қауіп келерін ойламастан тәуекелге бас тікті. Мен тұрғындарды қауіпсіз жерге көшірген азаматтарға зор ризашылығымды білдіремін. Зардап шеккендерді емдеп, олардың өмірі үшін күрескен дәрігерлерге алғыс айтамын", - деп атап көрсетті Тоқаев.

Бұдан бөлек, Президент аға сержант Нұржан Бақтыбайдың ерлігін ерекше атап өтті. Ол өрттің салдарын жою кезінде батыл әрекет етті. Соның арқасында біраз адам аман қалды.

"Ондай адамдар көп. Әрбіреуі ерлік мен табандылық таныта білді. Ал бапкер әрі оқытушы Евгений Хисметов Қарағанды облысынан өз еркімен келді. Ол бірнеше учаскеде жұмыс істеді. Гуманитарлық көмек таратты, құрылыс жұмыстарын атқарды. Сөйтіп, жүздеген еріктімен бірге қаланы қалпына келтіруге өз үлесін қосты", - деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, кәсіпкер Берік Қаниевтің ақшасына қаланың тұтас бір көшесі жөнделді. Осындай патриоттық мысалдар баршылық.

"Арысты қалпына келтіруге 10 мыңға жуық адам мен 250 компания атсалысты.  300 арнайы техника тартылды. Бүгінде нысандардың 97 проценті аяқталды. Өмірзақ Естайұлы Шөкеевтің басшылығындағы Түркістан облыстық әкімдігінінің қызметкерлеріне, ардагерлерге, дәрігерлерге, әскери қызметкерге алғыс айтқым келеді. Асқар Ұзақбайұлы Мамин бастаған Үкімет біраз шаруа жасап шықты ", -  дейді Тоқаев.

Осыдан кейін Арыс қаласын қалпына келтіруге үлес қосқан азаматтарға II және III дәрежелі "Айбын" мен "Құрмет" ордендерін, "Ерлігі үшін", "Жауынгерлік ерлігі үшін" және "Шапағат" медальдары табысталды. Олардың ішінде әскери азаматтар, дәрігерлер, кәсіпкерлер мен еріктілер бар.

Мемлекет басшысы қазіргі уақытта нысандардың 97 пайызының қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанын, ең алдымен, көп балалы отбасылардың баспаналары қалпына келтірілгенін хабарлады. 1 қыркүйек күні 16 мектеп 12 мың оқушыны қабылдады, оның 2,5 мыңы - бірінші сыныпқа барған бүлдіршіндер.

Қазақстан Президенті сөзінің соңында Арыс оқиғасы халқымыздың қиын-қыстау кездегі бекем бірлігі мен ынтымағын көрсеткенін айтты.

- Шын мәнінде, бүгінгі жиынға қатысып отырған азаматтар – нағыз батырлар. Ал, осы залға келе алмағандардың бәрі ордендермен және медальдармен марапатталатын болады, - деп қорытындылады Мемлекет басшысы.