13 сәу, 2018 сағат 11:39

Тоғжанов: Маңғыстау облысында хиджаб киіп жүрген бірде-бір оқушы жоқ

Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов аймақта діни ахуал қатаң бақылауда екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Маңғыстау облысы хиджаб мәселесін шешкен Қазақстандағы бір ғана облыс. Әрине, оңай болған жоқ. Ата-аналар тарапынан қатты қарсылық болды, бізге неше түрлі әңгіме айтылды. "Балалардың құқығын бұзасыңдар, оларға кедергі жасап жатсыңдар" деген әңгімені де естідік. Бірақ біз ешқандай баланың құқығын бұзған жоқпыз. Баланың бетін жауып тастап, мектепке жіберсек, құқығын бұзу деген сол шығар. Ол болашақта қандай адам болады? Мүмкін одан белгілі ғалым шығатын шығар. Ол бір. Екіншіден, егер ол балаларға мемлекеттік әнұранға тұруға болмайды деп оның санасына мемлекетке қарсы ой тастаса, дене шынықтыру сабағына бару қажет емес дейтін болса, бұл - дін емес. Мемлекеттік гимнге қарсы шықты деген бұл мемлекеттің символына қарсы шықты деген әңгіме. Ол жерде дін емес, тікелей саяси мәселе жатыр. Сондықтан бұл мәселе қатаң бақылауда", — деді әкім ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында. 

Тоғжанов діни мәселені оқушылар мен ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы ғана емес, кәсіби имамдарды тарту арқылы да шешіп жатқанын атап өтті.