02 сәу, 2020 сағат 12:21

Тоғыз баланың әкесі: 42 500 теңге - қазіргідей қиын уақытта үлкен көмек

Қостанай облысында мемлекеттік жәрдемақы алушылардың қатары көбейеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елде төтенше жағдай жариялануына байланысты табыссыз қалған азаматтардың санатын кеңейтуді тапсырған болатын. Енді 42 500 теңге көлеміндегі осы көмекті алатындардың қатарында өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен ресми тіркелмей жұмыс істейтіндер кіреді. Мемлекет қолдауын алғаш болып сезінгендердің бірі – Оспановтар отбасы. 2000 жылы шаңырақ құрған Атымтай және Құралай Оспановтар бүгінде 9 баланы тәрбиелеп отыр.

«Биыл отау көтергенімізге 20 жыл толады. Тоғыз баламыздың сегізі – қыз. Жеті қыздан кейін Ахмет есімді ат ұстарымыз дүниеге келді. Үкімет тарапынан қаншама көмек көрсетілуде.Үкімет тарапынан қаншама көмек көрсетілуде. Әлеуметтік жәрдемақы уақытылы беріліп отыр. Елбасымызға және Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға алғысымыз шексіз. Күні кеше мемлекет басшысы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен ресми тіркелмей жұмыс істейтіндерді қолдау шаралары туралы айтты. 42 500 теңге қазіргідей қиын уақытта кез келген отбасына үлкен көмек», - дейді шаңырақ иесі Атымтай Оспанов. 

Аталған отбасының ұйтқысы болып отырған Құралай Төлендіқызы мемлекеттен көрсетіліп отырған көмекке тоқталды.

«Қазір қыздарымның алды мектепті бітіріп, арнаулы орта білім алып жатыр. Студент қыздар мемлекеттік грантта оқып жатыр. Мектептегі қыздарымыз тегін киім-кешекпен және ыстық тағаммен толық қамтылған. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов мырза үнемі қолдап отырады. Елді жайлаған індеттен жуық арада арылып, амандықта қауышайық дегім келеді. Бастысы, мемлекет басшысының саясатын қолдайық», - дейді «Алтын алқа» иегері Құралай Төлендіқызы.

Облыс басшылығы ҚР Президентінің мәлімдемесінде белгіленген халық пен бизнесті қолдау жөніндегі тапсырмаларын орындауға кірісіп кеткен. Әкімдік мәліметінше, облыста жәрдемақы алушылар саны 330 мыңнан асады. Оның ішінде 136 мыңнан астамы – зейнеткер, АӘК алушылар – 16 мыңға жуық адам. Қазіргі уақытта бір реттік ең төменгі жалақы көлемінде әлеуметтік төлем алу үшін өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәртебесін қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізілуде.

Қазірдің өзінде өңірде 723 адам жәрдемақы алуға өтініш берді. Сондай-ақ тегін азық-түлік жиынтығын алатын азаматтар санаттарының тізбесі кеңейтілетін болады. Бұлардың қатарында Оспановтар отбасы да бар.