09 жел, 2019 сағат 07:18

ТМД Сыртқы істер министрлері Алматыда кездеседі

ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің (СІМК) отырысы 2020 жылы 3 сәуірде Алматыда өтеді деп жоспарлануда. Бұл туралы ТМД Атқару комитетінің төрағасы – атқарушы хатшысы Сергей Лебедев журналистерге мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" БЕЛТА-ға сілтеме жасап.

«Бүгін біз алдағы отырыстың алдын ала жоспарын ғана талқылаймыз. Жиын 2020 жылдың 3 сәуірінде өтетінін жоспарлап отырмыз. Бұл, Қазақстан тарапының ұсынысы, оны барлығы қолдады. Онда талқыланатын маңызды құжаттар негізінен гуманитарлық және саяси өзара әрекеттестік салаларына қатысты болмақ», - деді Сергей Лебедев.

Оның айтуынша, СІМК отырысы кезінде 2019 жылы өткен Сыртқы істер министрлері арасындағы консультациялардың қорытындысы шығарылып, 2020 жылы оларды өткізу жоспары талқыланады.

«Сыртқы істер министрлері арасындағы консультациялар тұрақты түрде өткізіліп тұрады, шамамен екі айда бір рет. Күн тәртібінде ТМД-ның халықаралық қызметіндегі өзекті мәселелер көтеріледі. Және бұл ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысындағы негізгі мәселелердің бірі болатынын болжап отырмын», - деп атап өтті Сергей Лебедев.