26 қар, 2016 сағат 22:34

Титан (Ә.Кекілбаев туралы эссе)

Эссе

Тәңірі жаратқан сұлулық - ғажайып күш. Сол сиқырлы күшке жан бітіру кемеңгер суреткерлердің ғана қолынан келген.

Әбіш Кекілбаевтың шығармаларын жас кезімнен еркін оқығандікі ме, мен ол кісінің сөз саптауын бірден танитынмын. Айтар сөзінің мәйегін қай кезде төгетінін, қай тұста ұстамдылық танытатынын, қай тұста басты кейіпкеріне еркіндік беретінін ішім анық сезетін. Сонан да мен шығарманың сюжет желісіне емес, ой аясына қызыға ынта қоятынмын. Асқар Сүлейменовтің, Оралхан Бөкеевтің көркем сөздері мен пәлсапаларының ой бұлағынан сүйсіне сусындап, ерекше елтіп оқушы едім. Бұл тізімде аға буыннан Тахауи Ахтанов, Тәкен Әлімқұлов, Әбдіжәміл Нұрпейісов бар. Өнерлерін суреткер болуға бағыштаған қайсар топтың қазақ әдебиетіне әкелген жемістері ұшан-теңіз.

Қазақта ұлт әдебиетін зерделейтін ғы­лым да, терең талдайтын сын да болмады. Орыс тілді қазақ азаматтары тынысы кең, ойы терең мақалалар жазды, бірақ ол еңбектер қазақ әдебиетінің бар болмысын ашып көрсете алмады. Өйткені олар қазақ әдебиеті мен мәдениетінің айдынына еркін қосылып кеткен жоқ.

Сонан да орта қолды, орта ойлы, орта білімді қазақ сынының туған әдебиетіне еш пайдасы тимеді. Әдебиет өз алдына, ғылым өз алдына, сын өз алдына күн кешті.

Біздің бозбала кезімізде қазақ сынының семсерін суырып шыққан бір топ жалаңтөс жас сыншылар болған. Олардың ой жүйелері, жазу мәнерлері, форма ұсыну үлгілері мүлде бөлек еді.

Олар шындықты айтатын. Дәлелді болатын.

Олар ой айтатын. Білімді болатын.

Олар сөз айтатын. Сөздері алмас қы­лыш­тай өткір еді, осып түсетін.

Олар әдебиетте адал сын болмай көр­кем әдебиет тудырудың пәтуасыздығын ескер­тетін.

Олар алпысыншы жылдары бір сәтте сын айдынына көтеріліп, әдебиетке әділдік әкелді.

Оларды бір сәтте сын майданынан қуып, енді ғана суреткерлік қуатын даралаған қазақ әдебиетіне трагедия әкелді.

Сол көзсіз батырлар – Әбіш Кекілбаев, Зейнолла Серікқалиев, Асқар Сүлейменов еді. Олардың отты мақалаларының кей орамы менің есімде әлі жүр.

Бұл Әбіш Кекілбаевтың әдебиетке келген тұсындағы қазақ қоғамының мәдени әм әдеби өмірінің хал-ахуалы жайлы шағын сурет қана.

Тәжік халқының толағай перзенті Бабод­жан Гафуров «Әуезов – ой титаны» деген пікір айтқан екен.

Ой титаны деген өзгеше өлшем.

Өзгеше баға.

Олар өзгеше ақыл иелері.

Алпысыншы жылдарда тарихи сана намысшыл жүректерді дүр сілкіндірген.

Дәл сол кезде Әбіш бастаған студенттер Әуезовті Қазақ университетіне кездесуге шақырады. Бұл айтулы кездесу болатын. Сол кездесудің дүмпілі қазақтың намысшыл, есті жаңа толқынын – алпысыншы жылдықтарды дүниеге әкелген.

Сол толқынның көш басы Әбіш Кекіл­баев болатын.

Сол топ Әуезовті Алаш көсемдерінің сар­қыты деп білген. Қасқырдың жүрегін жүрек­теріне қойдыра алмаса да сол топ көсемдердің ақылы мен ойларын бойларына дарытып болашаққа ту қылып көтеріп алып кеткен.

Сол өрімдей жас топ бойларындағы бар қуаттарын суреткерлік шеберлікке салған.

Алып Әуезов қазақ өмірінің энциклопедия­сы «Абай жолын» қолымызға ұста­тып кетті. Олай болмағанда бүгінгі қазақ өт­кенімізді жоғалтып алатынымыз ақиқат еді.

Мұхтар Әуезов қазақ жұртының бір ғасыр­лық ғұмырын асқан шеберлікпен сурет­тегенін айрықша атауымыз қажет.

Әбіш Кекілбаев ұстазының үлгісін жиырмасыншы ғасырдың соңына дейін жеткізді.

Қазақтың көркем прозасын Әуезовтен соң әлемдік деңгейге көтеруге жанын салған алпысыншы жылы Қазақ университетіндегі кездесуде өзін қарсы алған бұйрабас, кең маң­дайлы қараторы бозбала жігіт еді.

Дешті-Қыпшақ топырағында Мұхтар Әуезовтен соңғы тамыры терең талант – Әбіш Кекілбаев әдебиетке осылай келген.

Қорықпаған, қорғанбаған, даңққа кеуде салмаған.

Арлы суреткер ақиқатты жанындай қорғап, ұзақ, азапты тіршілікке бойсұнған.

Тағдырға бой алдырған Әбіш Кекілбаев таза суреткер ретінде қазақтың көркем проза­сының адамгерлікке суарылған туын қадап кетті. Біз оны есімізден еш шығар­мауымыз керек.

Бұл егесті рухани күресте ол жалғыз болған жоқ. Әнуар, Сәкен, Қабдеш, Сайын, Асқар, Зейнолла, Қали­хан, Қадыр, Мұқағали… бұл шағын топ мүшелерінің әкелерінің аттарын айтып та керегі жоқ. Бұлардың қай-қайсы да қазақ әдебиетінің асыл тұлғаларына айналып кеткелі қашан.

Тұлғаға тән терең тамырлы тағылым мен түсінік танытатын Әбіш Кекілбаев кеңістік айдынында тұсау көрмеген жүйріктей жүйткитін. Ұлы жазушының ұлы ойшыл болуы міндет емес, бірақ Әбіш Кекілбаев кең ойлана алатын, кеңістікті кең піше алатын аса зерек, аса ақылды суреткер болғаны бізге мәлім.

Әбіш Кекілбаевтың бойында тәкаппар­лық, өзім білем деу, өзгені өзінен бірер саты төмен қойып сөйлесу атымен жоқ еді.

Ол кісі жұрттың бәрімен бір қалыпта сөйлесетін. Бәрін бірдей құрметтейтін. Біреуді жоғары, біреуді төмен қоймай­тын. Бірақ, өз еңбегінің салмағы, ойы жоға­ры екенін іштей білетін, сырт көзге аңғарт­пайтын. Адамдық болмысы біркел­кі маңғаз, байсалды қалпынан танып көрмеген.

Әбекеңнің жетпіс жылдық мерейтойына мен «АMANAT» журналының бір санын арнадым. Анатолий Ким Әбіштің «Аңыздың ақыры» романын орыс тіліне аударған.

– Аудармам қалай екен? – деп сұрады Анатолий Ким.

– Анатолий Андреевич, аудармаң жаман болса «АMANAT»-қа баспаймыз ғой, – дедім.

– Қалжыңсыз, шыныңды айтшы.

– Бір сөзбен айтсам, аударма керемет. Бірақ, тым сұлу. Кей жерде тәкаппарлық жетіспей жатыр, – дедім.

Анатолий сәл ойланып тұрды да:

– Старик, сенің сөзіңде жан бар. Жасырмай шындық айтқаныңа рахмет. Бірақ, біздің сөзімізді Әбекеңе жеткізбе. Аударма туралы әркімнің өз ойы бар, – деді.

Әбіш жазушы мен суреткердің ара жігін ерте таныған. Жазушы бір күндік, суреткер мың күндік. Суреткердің өмірі азап. Оның тіршілігінде азаптан өзге ешнәрсе жоқ. Қай жазушы да суреткер болуды аңсайды. Қол жетпес асқақ олжаны Тәңірі ғана ұсынады.

Ал қазақта алып суреткерлік кескін-келбет, ойлы ақыл берген екеу бар.

Оның бірі – Мұхтар Әуезов.

Екіншісі – Әбіш Кекілбаев.

Тәңірі екеуіне де өрнекті көркем сөз, шең­бері шексіз тиянақты ой, мүлтіксіз шебер­лік, эти­­ка­лық әм эстетикалық қапы­сыз талғам берген.

«Бәйтеректің» қасында Әбекеңмен бетпе-бет кездесіп қалдық.

– Кітапханаға бара жатыр едім, – деді. – Кездесу болмақ.

Көз алды күлгін тартқан, жүзі салқын, шаршағаны білініп тұр.

Кең кеудесі, ауқымды дене бітімі әлі де шымыр.

– Бастықтарға бара жатырмысың? – деп министрліктердің қытай қорғанындай ұзыннан ұзақ қамалына қарап иегін көтерді.

– Жоқ, ескі қаладағы қара халыққа бара жатырмын, – дедім.

Әбекең кең кеудесін керіп әлдене айтқысы келгендей болып барып бөгелді. Езуіне ойнап шыққан қуақы күлкі байқалып қалып басылды.

Үндеген жоқ. Артық сөйлейтін адам емес. Қимылы да, ойы да сабырға толы.

Ойланып барып сөз айтады.

Толғанып барып сөз өрнегіне жан бітіреді.

Аспайды, саспайды. Ат шаба ма, бап шаба ма деген осы болар, шамасы.

– Астанада қанша боласың, Роллан?..

– Ертең кешке Мәскеуге жүремін.

– Анатолий Кимге сәлем айт, – деп бөгелді де, – ауырсынбасаң, уақытың болса ертең түсте үйге соқ. Кездеспегелі көп болды. Әңгіме-дүкен құрайық. Анатолийге бір хат жазып өзіңмен беріп жіберейін.

– Рахмет, Әбеке, сіздің сәлеміңізді ауырсынбаймыз ғой, – дедім.

– Онда ертең үйде тосамын, – деді де жүріп кетіп, лезде қайта бұрылды:

– Роллан, қазақтың сөзі ұзын. Аман бол. Аман жүр, – деді. – Жидебай иесіз қалды. Жидебайды иесіз қалдырма. Сенен басқа бас көтерер жан да жоқ қой.

– Сіз де аман болыңыз, Әбеке. Үстірт сізсіз жетім. Үстіртте қалың қытай мен аме­ри­­­ка­лықтар еркін талтаңдауда. Дешті-Қыпшақ дала­сында салтанат құрған, қуса құтқар­майтын, қашса жеткізбейтін қасиетті жез тұяқ Тар­паңдар даламызда 1758 жылы жоғалып тынған.

Мен жүріп барып артыма қарап едім, Әбекең мені бағып тұр екен, оң қолын көтеріп, езу тартты. Көзі сәл жасаурағандай ма, қалай?! Соны көрсеткісі келмей мол денесін жылдам бұрып алыптарша адымдап ұзап кетті.

«Қазақтың сөзі ұзын», – деген аңғартпа­сының астары қалың.

Жүрегім селт ете қалды.

Байлық пен даңқтың түкке тұрмайтынын білгенмен, қазақ сөзінің қаталдығына енді ерекше мән беріп қинала ойланып бара жатыр едім.

Қамқор аға алып денесін барынша бұрып, пәле-жаладан, өсектен, ғайбат сөзден, қауіп-қатерден маған қалқан боп тұрғысы келгендей.

Ойыма Махамбеттің өршіл жыр жолдары оралып менімен ілесіп жүре берді.

… Үлкені кімнің жоқ болса,

Жасы болар дуана.

Бір сынаған жаманды

Екіншілей сынама.

Тіріде сыйласпаған ағайын,

Құм құйылсын көзіңе

Өлгенде бекер жылама…

Өлім барда қорқыныш жоқ. Өнер барда өлім жоқ деп, Әбіш Кекілбаевтың Дешті-Қыпшақ даласында енді ғана саумал сағымдай толқып жөнелген рухани әлемінің кеңдігі мен тереңдігінің өлшеусіз мол болуын тіледім.

Шындық айтатын Герольд Бельгер бір түнде телефон соқты.

– Роллан, кештеу мазаладым, ғафу ет.

– Мазалағаныңыз үшін рахмет, Гераға.

– Мен тәртіп жетектеген неміспін. Түнгі онда өзім де, жеңгең де ұйқыға құлаймыз.

Сен менің чепухамды оқып жүремісің?..

– Біз сіздің чепухаңызды жәй чепуха емес, «Избранная чепуха» болсын деп атап едік.

– Оны білемін. Оны құп алғам. Мереке інім бір томдығын шығарады. Сонда кітапты «Избранная чепуха» атаймын. Соңғы чепухада қазақтың төрт дүлдүл жазушысы бар. Олар Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин деп жазған едім. Осыны айтқаным пәле болып жабысты. Телефон қайнап кетті. Қайнаған телефон менің басымды да қайнатуда.

– Телефоныңызды қайнатқандар не дейді?..

– Не деуші еді?.. Тізімде біз неге жоқпыз дейді.

– Ал сіз не айтасыз?

– Мен баяғы төртеуін айтамын тізбек­теп. Сен неге телефон соқпадың?.. Соны білгім келді.

– Мен жынды емеспін ғой, Гереке.

– Дәл айттың, жындыларды жөн сөз айтып ұялта алмайды екенсің.

– Оны басыңызға ала бермеңіз.

– Бас түгілі жүректі жаралап бітірді. Осы төртеуі жөнінде сен не айтасың?

– Менің айтқанымды тыңдамайсыз. Ылғи өзіңізше жасайсыз.

– Роллан, мен неміспін ғой. Мен сендей жас қазақты тыңдап не қыламын? Қалжың.

Сен маған мемлекеттік сыйлықта неңіз бар деп ренжіп едің. Сені сол жолы тыңдамағаныма қатты өкінемін. Үкімет мемлекеттік сыйлықты маған бермеді. Жә… өтті, кетті… енді не қылайын?.. Кешірім ет… Оны қояйық. Төртеуі туралы тіл қыздырып көр.

– Гер аға, сізге дүлдүл жазушы, маған суреткер қымбат. Төртеудің ішінде екі суреткер бар.

– Ата кәне!..

– Біреуі Әуезов, екіншісі Кекілбаев.

– Саған дауа жоқ екен. Сенікі дұрыс.

– Жақсы жатып жайлы тұрыңыз, Гераға.

– Бар бол, Роллан.

Гер ағам телефон трубкасын тастай салды.

Әбіш Кекілбаевпен сирек кездесемін. Ал Әбіш Кекілбаевтың жазбаларымен жиі ұшырасамын.

«… Ол қайтадан есеңгіреп кетті. Енді жан-жағын шетсіз-шексіз құла түз жайлап алды.Білем-білем шағылдар да әлдеқандай шимай жазуларға толып кеткен сияқты. Бұл сөніп бара жатқан жанарының соңғы қуатын шым-шым сарқып, қадалып келіп оқиды-ақ. Әлдебір уақыттарда барып зорға-зорға ажыратқандай болды. Күллі дүниені «Барар жерің бәрібір жердің асты» деген шимай жазу қаптап кетіпті».

Нағыз суреткер Әбіш өте биязы мінезі­мен бөлектенеді.

Озық ойлы кітаптарды тудырған адам асқан сабыр иесі.

Әбіштің Тәңір мен Ақылға таза көңілмен әрі адалдықпен қызмет көрсететінін ерекше атамақпын.

Біз Ана-Жердің жан жылытар қызуын сезінуден қалып барамыз. Ана-Жерде бәрін де құртуға болады дейді. Адам бойындағы ар-ұжданды, ойды, сезімді, құлшынысты, тіптен бүкіл атмосфераны – өзендерді, көлдерді, ор­мандарды – оларсыз адам Ана-Жерде тұн­шығып өледі. Өйткені, ойын тәртібі солай. Өлтіруге рұқсат! Жиырма бірінші ғасырдың тіршілік аясы соны талап етеді.

Біз уақыт ұйғарымын мүлтіксіз естуіміз, азаматтық парызымызды қалтқысыз өтеуі­міз қажет.

Қашанда Ақиқатқа адал болуды басты парызымыз санаймыз.

Соңғы деміміз біткенше ел-жұрты­мызды аялап өтуге, ардақ тұтуға жанымызды салуымыз қажет.

Ана-Жері Үстірттен нәр алған жас Әбіш­тің бойына Әуезовтің рухани тағылы­мы құт-береке боп дарыған.

Әбіш қазақтың хас суреткері болып, әлем әдебиетінен өз биігін тапқан санаулы қазақтың бірі.

Ұлы шығармалар адамның жан-жүрегін ашады, сезімін байытады. Сонан да концлагерьлермен, түрмелермен адам бойындағы адамшылық қасиетті өлтіру мүмкін емес.

Қайран Алаш-Орда қайраткерлерінің жанкешті адамдық ерліктері суреткер Әбіштің қадалған қырағы көзінен де, отаншыл жан-дүниесінен де еш шықпағанына мен имандай сенемін. Сенгім келеді де тұрады.

Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығы қазақ ортасынан, түркі әлемінен, ғасыр шең­берінен озып шығып болашаққа ұмтыл­ған рухты құбылыс. Жазушының рухани тағылым-аманаты елінің жадында болуға жазсын.

Әбіш Кекілбаев халқының трагедияға толы тағдырын айқын жазған ұлы талант.

Әбіш Кекілбаевтың дүниеден озғанына бүгін бір жыл толыпты.

Енді Әбіш Кекілбаевтың рухани әлемі бізге аманат болып ортамызда өмір сүрмек.

Ол әл-Фарабидың, Ясауидің, Бала­са­­ғұнның, Махамбеттің, Шоқанның, Абай­­­дың, Әлиханның, Ахметтің, Міржа­қып­тің, Қаныштың, Мұхтардың, Ғабиттің, Марғұлан­ның аманатындай ардақ, асыл дүние.

Сол асылды бүгін қайтадан зерделей зерттеп Дешті-Қыпшақ даласының рухани әлеміне үкілеп қосу бізге парыз болыпты.

Қасқыр жүрек қазақтардан тағылым дары­ған соңғы көштің соңғы көш басы Әбіш Кекілбаевтың рухани әлемі енді туған ел-жұр­тының көгілдір көгінде еркін талмай самғауға жазсын.

Әбіш әлемдік өнерге де, қазақ өнеріне де ауадай қажет тұлға.

Суреткер ақыл көзімен көріп туады, жан көзімен көріп өледі.

Ана-Жердің тағдыры адамның қолында қалған қатерлі кезеңде жерді жауапты адамзат баласы ғана сақтап тұра алмақ.

Роллан СЕЙСЕНБАЕВ

"Егемен Қазақстан"