19 қаз, 2017 сағат 13:07

Тимур Құлыбаев мектеп оқушыларын кәсіпкерлік негіздеріне оқытуды ұсынды

Мектептер мен колледждерде «Кәсіпкерлік негіздері» деген жаңа пән пайда болуы мүмкін,  деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Жаңа пәнді қалыптастыру жайлы ұсынысын «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев Қарағандыдағы кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінде айтты.

«Жоғарғы сыныптар мен колледж студенттеріне «Кәсіпкерлік негіздері» пәнін оқыту қажет», - деді Тимур Құлыбаев. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы бұл саладағы базалық білім жастардың айтарлықтай табысқа әрі жетістікке жетуіне септігін тигізетінін атап өтті. Сондай-ақ, кәсіпкерлер кәсібінің өрге домалауына кедергі келтіретін бірқатар күрделі мәселелерді атады. Көлденең кедергілер тізімін жиын барысында өңірлік кәсіпкерлер палатысының директоры Ернар Күлпейісов атап берді.

«Кәсіпкерлердің шешілмей келе жатқан жүйелі мәселелерінің бірі - бизнеске берілетін жер учаскелері жайы, «жалған кәсіпкерліктен» зардап шегушілердің  контрагенттерге төленетін  салықтарын есептеу, мұнай базасы және автокөліктерге жанармай құю станцияларында есептеу бақылау құралдарын орнатуды міндеттеу», - деді Ернар Күлпейісов.

Қарағанды облысы деңгейінде палатаға жыл басынан бері кәсіпкерлерді қорғау бойынша 239 шағым келіп түскен. Аталған шағымдар бойынша қорғалған құқықтар сомасы 570 миллион теңгеден асты. Өңірлік кеңес отырысының қорытындысында аталған мәселелерді жою бойынша жобалық шешімдер қабылданды.