20 шіл, 2018 сағат 09:39

Тимур Бекмамбетов Денис Теннің киножобасын экранға шығармақ

Режиссер және продюсер Тимур Бекмамбетов бейсенбі күні қаза тапқан қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочиде өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Теннің ойластырған жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды ТАСС агенттігі.

Денис Тен 13 шілде күні Мәскеуде Бекмамбетов пен Bazelevs компаниясы ұйымдастырған Screenlife Project халықаралық байқауының питчингінде болашақ киножобасын таныстырған болатын. Спортшының жобасы құлағы естімейтін қыз бен мылқау жігіттің арасындағы сезімге арналған.

Сырғанаушы әлеуметтік желілердегі парақшаларында фильмнің жобасы туралы ұдайы жазып тұрған. Қолданушылар Bazelevs негізін салушы Т. Бекмаметовке фильмді экранға шығару туралы ұсыныс тастады.

«Бұл - өте ауыр жағдай. Денистің туған-туыстарына қайғырып, көңіл айтамын. Біз міндетті түрде оның идеясын жарыққа шығаруға тырысамыз, талантты тұлғаның рухы үшін арнау-фильмді көрсетеміз. Денис Тен небәрі 25 жасында үлкен жетістіктерге жетіп үлгерді, алдыға қойған жоспарлары да көп болды. Оларды қалай да орындар еді. Себебі ол өте еңбекқор жан болатын», - деді Бекмамбетов.

Айта кетейік, 19 шілде күні Алматыда Қазақстанға танымал спортшылардың бірі Денис Тен жамбасынан пышақтан жарақат алды. Дәрігерлер қаншама арпалысқанымен оның өмірін аман алып қала алмады. Денис Теннің қазасы бүкіл Қазақстанді дүрліктірген қайғылы оқиға болды. Елбасы танымал спортшының отбасына көңіл айтты.