22 қыр, 2017 сағат 10:25

Тиллерсон: Президент Назарбаевтың батыл шешімі Қазақстанның өркендеуіне жол ашты

1 қыркүйекте Америка Құрама Штаттарының бастамасы бойынша БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі жаппай қырып-жою қаруын таратпау және оларды жеткізу жүйелерін тарату қаупі тақырыбы бойынша министрлер деңгейінде кездесу өтті.

Басқосуда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қару-жарақтың таратылуын болдырмау туралы шешімдерін қолдану жолдарын талқыланды, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон өзінің ауқымды баяндамасында жаһандық қарусыздану мен таратпау үдерісіндегі Қазақстанның рөліне бөлек назар аударды. Атап айтқанда, ол ядролық қарудан бас тартқан еліміз даналықтың айрықша үлгісі болып табылатынын атап өтті. Қазақстан бұрынғы кеңестік қаруларды және ядролық технологияларды өз аумағынан алып тастады және ядролық емес мемлекет ретінде Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылды.


«Қазақстан басшылығының батыл шешімі ядролық қарудың, оның құрамдас бөліктерінің, ядролық материалдардың және қос мақсатты технологиялардың зиянкестердің қолына түсу қаупін едәуір қысқартты», - деп атап өтті Р. Тиллерсон. Оның пікірінше, ядролық қару басқа елдермен қарым-қатынастарды қиындатып, есептен жаңылысу, апаттар немесе тарату қаупін тудырады.

Мемлекеттік хатшы Қазақстанның әрекеті елді халықтар қауымдастығына тарту үдерісінде маңызды қадам болғандығына ерекше тоқталды. «Ядролық қарудан құтылудың нәтижесінде әлем Қазақстанды ядролық агрессорға айналуы мүмкін «аластатылған» мемлекет ретінде қарастырмайды. Ол өзінің ядролық көршілері - Ресей мен Қытайдың дұшпанына да айналған жоқ. Сондай-ақ бүгінде Қазақстан көршілерімен тату-бейбіт өмір сүруде. Ол берік сауда қатынастарын дамытуда. Биыл  ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі өтіп, ол болашақтың энергия көздерін және бүкіл әлемнің қатысушыларына Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін көрсетті. Бұл өңірлік және халықаралық бейбітшілік пен өркендеуге елеулі үлес қосып отырған заманауи мемлекет. Қазақстан өзінің шешімінен тек пайда көрді», - деді ол.

«Бұрынғы кәсіби қызметімде Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен бірнеше рет кездестім және оған осы шешім туралы сұрақ қоюыма мүмкіндік болды. Ол маған бұл шешімге ешқашан өкінбейтінін және күндердің бірінде бұл жоба жас еліміз үшін жасаған ең зор жақсылығы екенін айтқан болатын», - деп еске алды Р. Тиллерсон.

Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов өз сөзінде АҚШ Мемлекеттік хатшысына біздің елімізге және Президент Н. Назарбаевқа жолдаған жылы лебіздері үшін алғысын білдірді. Министр қатысушыларды АЭХА төмен байытылған уран банкінің ашылу кезінде жарияланған Елбасының бастамалардан хабардар етті, сондай-ақ халықаралық қарусыздану және таратпаудың негізгі аспектілері бойынша Қазақстанның ұстанымына егжей-тегжейлі тоқталды.