#
#
Сейсенбі 24/09/2019

Тілімізді шұбарлаған телеарналарға кім «тәйт!» дей алады?

  • 01.03.2016
  • 0
  • 1554

Кеңес кезінде «ана сөздер орыс  тілінде жазылыпты» деп қынжылатын еді, қазір  Алматы қаласының көшелерінің барлығында екі  тілде жазылған жарнамалар қаптап кетті, тіпті кейбірі тек қана орыс және ағылшын тілінде.

«Қазақ тілін үйреніп, үйретіп жатырмыз» деп жалған айтудың керегі не? Ұлттық тілімізді үйрену үшін қаншама ақшаны далаға шашамыз? Ұят өзі. Бір затты сатып алу үшін дүкендерге кіріп қалсаң, орыс тілін әрең сөйлейтін қазақ қыздары «Что желаете? Вам помочь?» деп алдыңнан шығады. Біз өзге мемлекетте жүрген жоқпыз, неге қазақша сөйлемейсің деп ескертсек, «Бізге келген сатып алушылар қазақ бола тұра орысша сөйлейді. Содан осылай сөйлеуге мәжбүрміз» дейді олардың кейбірі. Бірде туысқандарымыз қайтыс болып Балқаш қаласына бардым, барлығы орысша. Үлкені де, кішісі де, баласы мен немерелері де орысша сөйлеседі. Қазақтың салт-дәстүрін орысшаға аударып алған. Қаладағы ең үлкен көшелерге ілінген жарнамалар орыс және ағылшын тілдерінде жазылған.

Сәтбаев көшесінің бойын-дағы мейрамханалардың барлығы екі тілде: орыс және ағылшын тілі. Осы жарнаманы ілуге рұқсат еткен қалалық жарнама агенттігі Қазақстан Республикасы тұрғындарының көпшілігі, яғни жер иесі қазақтар екенін, мемлекеттік тіліміз қазақ тілі екенін ұмытқан-ау, шамасы. Наурызбай ауданы әкімшілігінің тура қасында «Ағайын» деген халал асхана бар. Сол асхананың сыртында енді ағылшын тілінде жазу пайда болыпты…

«Самал-2» ықшамауданындағы №79 үйде орналасқан шаштараз да мың құбылады. Маңдайшасына орысша, ағылшынша ғана жазулары бар жарнамасын іліп қойыпты. Тіпті, «Қазақстан» телеарнасы өзінің жаңалықтарын «КАZNEWS»-тен көріңіздер деп жарнамалайды. КТК мен “31 арнадағы” қазақ тіліндегі бағдарламалардың барлығының тақырыбы ағылшынша, ал мазмұны, мағынасы, халыққа берер пайдасы шамалы. «Бурабайын» түсіндік, ал арғы жағындағы сөзінің мағынасын қалай түсінуге болады?

«Қызық-times»… Осы тақырыптарды қазақша айтса, жұрт түсінер еді ғой. Қалалық жарнама мен тіл бөлімі осы мәселелерді неге қадағаламайды? Шетелге барсақ, мақсатымызға жету үшін сол елдің тілінде сөйлеуге тырысамыз. Ал Қазақстанда тұратын басқа этнос өкілдері бір ауыз қазақша сөз білмейді. Өйткені бізде талап жоқ. Әрине, бұлардың бәрі айта-айта жауыр болған мәселелер. Айтпайын десең, тіліміздің есесі кетіп, ұнжырғасы түсіп бара жатыр. Оны қалай көтереміз? Неге соншама дәрменсізбіз? Бұған кім кінәлі? Билікке керек болмаса, қасиетті тіліміз болашаққа, халқымызға қажет қой, ағайын-ау. Елбасымыз бастамасымен 2025 жылға Тіл бағдарламасын жасадық. Сол құжат бойынша 2018 жылы халқымыздың 85 пайызы, 2020 жылы 95 пайызы мемлекеттік тілді білуі тиіс екен. Бірақ «Баяғы жартас — бір жартас» демекші, мемлекеттік тілдің қолданылу аясы осыдан он жылғыдан кемімесе, аса кеңіген жоқ. Яғни бұл бағдарлама да орындалмайтын түрі бар. Сонда біз кімді алдаймыз? Осылай қасиетті тілімізді мазақтап, он жылдан он жылға сырғып кете берсек, еліміздегі негізгі ұлт қазақтың қадірі қала ма? Шынында өзге ұлттар біздің бейшаралығымызды бетімізге басып күліп, мазақ ететінін білемін. Мүйізін қарағайдай етіп «мемлекеттік тіл» деп атақ беріп, заң шығардық. Өзіміздің шығарған заңымызды өзіміз орындай алмай отырмыз. Яғни бәріне өзіміз кінәліміз. Билікте отырғандардың 95-98 пайызы өзіміздің қаракөздеріміз. Жиындардың бәрінде олар орысша сайрайды. Намысың қайда, қазағым-ау?

Априза Айтбаева

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар