07 қыр, 2018 сағат 07:34

Тіл шұбарлығы деген не?

Әуелден “аяғы былғаныш жерді былғаса, аузы былғаныш елді былғаған”. Әзір де солай әрі бүгінде оны тайлы-таяғымызбен, жабыла жүзеге асырудамыз. Айталық, түбінде Ақаң айтқан «асыл да, түзу тілімізді» тығырыққа тіреп тынатын тіл шұбарлығы біз үшін қалыпты құбылысқа айналды. Екі сөздің бірін орысша шатып, осы күнгі тіліміз шуарала жыландай және мұндайды есіте-есіте етіміз де өліп қалғандай.

Қазаннан қарауыл кетсе, иттен ұят кетіп, сәт сайын вторник, пятница, июль, августь, вход, выход, сиденье, задний, передний, верхний, нижний, свежий, голубой, льготный, платный, этаж, квартира, стена, парикмахер, библиотека, вахта, тетрадь, линейка, линия, подушка, простьня, давление, ангина, анемия, простуда, желудок, бронхы, печень, почка деп оңды-солды төпеп жатамыз.

Ал ең бастысы – бұлай жөн сөзге жүрмей, сөз арасына су жүгіртіп, сына салып отырған тілазар телілер ғана емес. «Тілді бұзатын оқығандары» демекші, сөздің сұраушы-сынаушысы саналатын жазушы-ғалымның да, өзгеге мәдениетті сөйлеуді үйретуші мұғалымның да күнделікті тірліктерінің бірі – тіл шұбарлау болуда. Тіпті тілдің, сөздің соңғы сақшысы, сақтаушысы – ауыл ақсақалы, ақ басты әженің өзі: баламның вышшый абразаванійесі бар, вышшый ішколада оқығам, абыласной бәлнійсе, кәндиләт нәуік, крәсній дійплөм, пәрөг сердсә екен деп отырады.

Иә, тіл шұбарлығы қазақтың үлкен-кіші, жақсы-жалбайының бәріне ортақ, аршып алып тастауға да болмайтын, қарғамасыңа тағы болмас жалмауызына айналды және бір қызығы – мұндай сөздерді қазақша айтса, ә дегеннен түсінбей қалатын да халға жеттік. Мысалы, біреу: –бұрылыстан түсемін десе, –повороттан ба? немесе «-шәй с молоком ба?» – деп қайта сұрап, сенбі, сәрсенбі десе, тағы да – не дедің, ол қай күн еді, орысшасы қалай? – деп қаламыз.

Яғни дұрыс сөзден жағымыз ғана жаңылып қоймай, құлағымыз да тана бастады.

Сірә, қайдан құлақ шығарса да, қазаншының өз еркі, ауыз да, сөз де өзімдікі, қалай айтқанымда кімнің, не жұмысы бар деуге де болар! Дегенмен, аңдамай сөйлеген ауырмай өледі. Аңдаусыз ауыздан ары да бері айтыла берген соң, көңілдегі көрікті ойдан не қалмақ? Сөйлер сөз қалай түзелмек? Бір-екі ауыз сөзді түзу, түгел айта алмай тұрып, мемлекеттік тіл туралы мәселе көтеріп, заңды өзгертейік, қазақшаға көшейік деп көсемсуде не мән болмақ?

Ал тіл шұбарлығы деп бөгде тіл сөзін немесе басқа да бірліктерін араластыра сөйлеуді айтамыз.

Мұның басты белгісі – тілде бұрыннан бар, күні кешеге дейін мінсіз қолданылып, сөйленіліп келген сөз орнына, оның орысша немесе басқа тілдік нұсқасы, тіларалық пара-пары (межязыковой эквивалент) қолданылады.

Екіншіден, ол сөйлеу тілінде пайда болады.

Үшіншіден, әуеліде тілдің өзіне емес, сол тілдің белгілі бір сөйлермендеріне, олардың ана тілінде сөйлеу мәдениетіне қатысты көрінеді. Дегенмен, кең тарап, тереңдей келе тілдің бұзылуына, жаңа, шұбар тілдің туып-қалыптасуына да алып келеді. Яғни уақыт өте келе тілге де қатысты болады. Сөйлерменнің ғана емес, тілдің де кемістігіне айналады.

Төртіншіден, тіл шұбарлығы міндетті түрде бөгде тіл, бөгде ел, жұрт ықпалымен және екі негізде пайда болады әрі үш кезеңнен тұрады.

Осыған орай, ол елікпелі тіл шұбарлығы, еріктен тыс тіл шұбарлығы, түпкілікті тіл шұбарлығы деген түрлерге бөлінеді.

Елікпелі тіл шұбарлығы

Тіл шұбарлығының әуелгі кезеңінде қандай да тіл сөйлерменінің біразы, белгілі бір әлеуметтік тобы бірқатар шетел сөзін сән көріп, өз тіліне, айналасына таңа бастайды да, өз кезегінде тілдің қалған сөйлермені де соларға еліктей сөйлейтін болады.

Орыс ақсүйектерінің бір кездері французға, еуропалықтарға еліктеп, олардың сөздерін қолдана сөйлеуге әуес болғаны осыған жатады. Мысалы, олар кезінде мэрси, орэвуар, селәби, гудбай, айн момент, браво, бис, сударь, сударыня, сэр, мадемуазель, леди, миледи, джентелмены, сеньор, сентиментально, галантно дегендей сөздерді әдемі көріп, әуес болып айтты.

Бұл жай қазақ оқығандарының да, алғаш орысша үйренгендердің де көбінің басында болды. Қазақ та орыстық, еуропалық привет, салют, чао, пока, пажалыста, да, ало, и (және), папа, мама, дядя, тетя, конечно, әбизателньо, маладес, коммуникабельный, шеф, хобби дегендейлерді қызық, артықша көрді. Қызым демей, доча, дочка, доченка дегенді ұнатты. Тіпті дискредитировать, дискриминация, диссимиляция, дистрибьютер, дисциплинированный, интерпретация, коалиция, конфессиональный, конфиденциальный, реаблитация, транспортабельный,  физиономия, физиотерапия, цивилизация, шизофрения сияқты айтуға қиын әрі 5-7 буынды ұзын сөздердің өзін сол әздектігіне бола, қиын да болса, айта алатындығын көрсету үшін тілін бұрап, дауысын келтіріп үйреніп алды, қалай да айтатын болды.

Қазіргі таңда да yay, yes, окей, супер, нонсенс, консенсус, ноу-хау, сто пудов, брифинг, гранпри, адреналин, бренд, негатив, позитив, номинация, нюанс, офис, тоефл, ток-шоу, квартет, дуэт, трио, хит (парад), консолидация, консорциум, котрабанда, толерантность (көнбістік), рейтинг, кворум, квота, экспремьер, босс, бонус, вердикт, дантист, маркет, гламур, эскиз, спагетти, уникум, экстремум, эксесс, эксклюзив дегендер осындай «сүйкімді» сөздер тобын құрайды.

Сондықтан мұны пайда болу себебі бойынша елікпелі тіл шұбарлығы немесе тілдің былғануы десек болады. Елікпелі тіл шұбарлығы қоғамның аздаған сәңқой, жылтыраққұмар бөлігін қамтиды және бірқатар сөздер аясымен шектеледі. Әрине, аты «тіл шұбарлығы» болып, тілге қатысты болған соң, заты да содан болар делініп, әдетте, себебі тілден ізделеді.

Алайда, мұндай басқа тіл сөзіне, сөйлеуіне әуестіктің өзі тілден тыс екі себептен туады.

Біріншіден, адам адам болған соң мимырт тірліктегі бірізді-бірөңділіктен, қарапайым-қарабайырлықтан жалықпай, жаңа, жылтыраған нәрсеге құмартпай немесе әлдеқайда ұмтылмай, өзін әлденеге арнамай тұра алмайды. Дегенмен қалыпты, дұрыс жолдағы адам бойындағы бұл «кемістік» орнын оң ниет, ізгі қасиет, жасампаз әрекеттері арқылы толтырып, жақсы істерімен еңсеріп отырады. Оның ерігіп-елігерлік уақыты да болмайды.

Ал «Жалығу бар, шалқу бар, іш пысу бар, Жаңа сүйгіш адамзат – көрсеқызар» немесе «Наданға арам жақсының сөзін ұқпақ» дегендей, адал еңбек, дұрыстықтан айнып, ауырдың үсті, жеңілдің астын таңдаған кержалқау, талапсыздар жөн сөзден жаңылып-жалтара бастайды, барға сенбей, жоққа сенеді, кез келген қаңсықты таңсық көреді, жылтырағанның бәрін үстіне жамап-жасқап, жапсырып бағады. Олай етпесіне, басқа істер ісі де болмайды.

Екіншіден, бір француз сауыншысы сүтті немістердің milch дейтінін есітіп, «–дендері сау ма, оның аты La lee ғой» – деген екен. Дәл осылай, қалыпты жағдайда біреудің, әсіресе әл-ауқаты өзіңнен көп төмен жұрттың біртүрлі сөздерін әспеттеп, айтпақ түгілі кем көріп, қор санау, мазақ қылу – дағдылы жайт. Мысалы, Абай сөзімен айтсақ, бір кездері қазекең «..үй төбесіне салам деп Арқадан қамыс артқан, шүлдірлеген тәжік ... атқа мінсе шаршап, жаяу жүрсе демін алады, ноғай дегенше ноқай десеңші ... Орыс ойына келгенін қылады деген ... не айтса соған нанады, «ұзын құлақты» тауып бер депті» деп күлген.

Бірақ уақыт озып, заман өзгере келе сол қазақ орыстың ісіне тәнті, сөзіне іңкәр күйге түсті және бүгінде орысты ысырып қойып, аңсары ағылышынға ауып отыр, ал ертең, бүрсүгүні қалай боларын бір құдай біледі. Яғни белді, беделді жұрттың қылығын қайталап, сөзін айтқыштаудың аржағында оны өзінен жоғары санау, оған мойынсұну, ұқсап-бағу құлқы жатады.

Әрине, аталған екі жай да адамның азғындауының белгісі және оның өзі ол өмір сүріп отырған қоғамның, жүйенің азуынан болады. Айталық, кезінде орыс басынан өткен еуропашылдық та, кеше-бүгінгі қазақ басындағы орысшыл-батысшылдық та қоғамның кемдігінен, елдің азғындығынан бастау алып, солармен тұспа-тұс келді және келіп отыр.

Ал елікпелі тіл шұбарлығы мұнан ары асқынып, еріктен тыс тіл шұбарлығының тууына, орнығуына негіз болуы мүмкін.

жалғасы бар...

Ыспандияр Ақайұлы,

turki.kz сайтының бас редакторы