14 нау, 2019 сағат 08:58

The World’s Best шоуы: Димаш күтпеген мәлімдеме жасады (Видео)

Қазақстандық танымал әнші Димаш Құдайберген The World’s Best шоуын ары қарай жалғастырудан бас тартты, – деп хабарлайды «Жасөркен» порталы.

Әнші байқауда Adagio әнін орындап болған соң күтпеген мәлімдеме жасады. Ол сайысты ары қарай жалғастырудан бас тартып, төрешілерді таңғалдырды.

Әншінің айтуынша, ол бұл байқауда балалармен жарысқысы келмейді. Осылайша, енді The World’s Best шоуының финалына қазақстандық Данэлия Төлешова мен Үндістаннан келген Лидиан Надхасварам қатысады.

«Армысыздар, құрметті өнер сүйер қауым, құрметті әділ қазы мүшелері! Сіздердің алдарыңызда өнер көрсету мен үшін үлкен бақыт екенін атай отырып, бүгін мына ойын талаптарына сәйкес кішкентай балапандармен бақ сынасуым керек екен. Сол себепті сіздердің рұқсаттарыңызбен бұл бәйгенің тізгінін кішкентай бүлдіршіндерге қалдырғым келіп отыр», – деді Димаш.

Айта кетейік, The World’s Вest – CBS арнасындағы талантты адамдар туралы телебағдарлама. Төрешілер арасында танымал актриса Дрю Бэрримор, әнші Фэйт Хилл және актер Ру Пол бар, сонымен қатар, жүргізуші – британдық күлдіргі Джеймс Корден. Соңғы шешімді үш бас төреші мен әлемнің түкпір-түкпірінен келген 50 сарапшы қабылдайды.