13 мау, 2019 сағат 21:00

Террористік оқиғалардағы қате терминдер

Халықаралық экстремистік және террористік ұйымдардың әрекеті бүгінгі таңда  мемлекет пен қоғамға ғана талап қоюмен шектелмей, қоғамдық пікірде қорқыту, үрей мен сенімсіздік ұялатуды көздейді. Кейде бұқаралаық ақпарат құралдарына тараған ақпараттар мен осы бағыттағы материалдарда өрескел қателіктер мен қарама-қайшы терминдер қолданылып жатады. Осының салдарынан, әсіресе, рейтинг маңызды боп тұрған ақпараттық заманда кей БАҚ экстремистік идеялардың таратушыларына айналып, өз жарияланымдарының әсерінен орын алатын салдары мен жалпы аудиторияға қауіптілігін ескермей жатады.

Көп жағдайда террористік сипаты бар оқиғаларды баяндау кезінде жалпыға ортақ немесе кең таралған терминдер мен түсініктерді пайдаланылады. Бірақ көптеген терминдер мен ұғымдар мазмұны жағынан мәні мен мазмұнына сәйкес келе бермейді. Осыған орай бұған ұқсас материалдар жарияланған кезде қоғамда бұрыс пікірлер мен түсініктер таралады. Ақпараттарды беруде террористердің қоғамдық санада орнықтыруға ұмтылып отырған терминдерді пайдалана отырып террорлық әрекеттің насихаттаушылары мен идеологтарының жетегінде кетуге болмайды.

Атап айтар болсақ, табиғаты бөлек мүлдем екі құбылысты, ислам мен экстремизмді немесе ислам мен терроризмді ұқсату кең таралған әдістемелік қателіктің бірі болып табылады. «Ислам экстремизмі» деген түсінік қате. Мұндайда дін нақты саяси мақсаттарды жасыру үшін қолданылады. Ақпараттық мәлімдеме жасаған кезде «исламист», «радикалды исламист» сөздерінен бас тартып, оларды «террорист», «экстремист» терминдерімен ауыстыру керек. «Useful english dictionary» немесе Принстон университетінің сөздіктерінде исламист деп ислам ғылымын таныған ғұламаны немесе діндар мұсылманды айтады. Яғни мағыналық тұрғыдан алып қарағанда, исламист – ислам жайында көп білетін және дін қағидаларын берік ұстанған адам. Американың Ұлттық терроризмге қарсы орталық дипломаттарының құжаттарында «Әл-Қаидаға» қатысы бар топтарға «ислами» немесе «мұсылмандық» терминдерін қолдануға тыйым салынған: бұлар ислами және мұсылмандық емес, қылмыстық топтар. Террористерді жиһадшылар, шаһидтер немесе моджахедтер деудің орнына, өз атымен «террористер» деп атаған жөн.

Қарапайым мысал: жекелеген қазақстандықтардың Сирияға баруын насихаттайтын бейнероликті көрерменге интернет арқылы емес, республикалық телеарналардан көрсету ең сәтсіз қадам болды.

Атап айтқанда, терроризмді белгілі бір дінмен, нәсілмен және ұлтпен байланыстыруға, террористердің ым-жымын білдіретін көзқарастары мен іс-әрекеттерін  көрсетуге болмайды. Террористерге қатысты «көтерілісші», «дін үшін күресуші», «исламист», «оппозиция өкілі», «жиһадшы», «шаһид», «ислам радикалдары», «ислам террористері» деген анықтамаларды да қолданбаған дұрыс.

Сондай-ақ, өз позициясын білдіру үшін БАҚ мүмкіндіктерін пайдалану көп жағдайда террористердің көздеген басты мақсаттарының бірі болатынын ескере отырып, мынадай қателіктерге жол берілмеуі керек:

–       кәсіби кеңес алмай тұрып террористердің талаптарын талдамау, пікір жазбау;

–       арнайы қызметтен құпия ақпарат алуға әрекет жасамау;

–       тексерілмеген және құзыретті органдармен келісілмеген ақпарат

көздерін пайдаланбау;

–       құрбан болған адамдар туралы жеке ақпаратты;

–       аяқталмаған тергеуге қатысты заттай дәйектер мен оқиға

орындарының фотосуреттерін таратуға, қоғамды ақпараттандыру кезінде қорқыныш күйін қоздыруға болмайтынын ескеру, осы орайда баяндау мазмұнымен баяндау сарыны мен формасын қатаң тексеру;

–       БАҚ мәліметтерінің жалпы аудиторияға, оның ішінде қиын жағдайды қасақана ұйымдастыратын адамдарға да қол жетімді екенін естен шығармау;

–       ақпараттық жаңалықтар мазмұнында террористер мен экстремистер

позицияларын күшейтуге себеп болатын мәліметтер болмау керектігін түсіну қажет. 

Міне, осы жағдайларды ескергенде біз дұрыс идеологиямен жұмыс істейміз.  Мемлекеттің діни қысымды болдырмауының өзі оның демократиялық және зайырлылық ұстанымының басты қызметі. Мұны заңымыздағы «ар ождан бостандығы», «діни сенім еркіндігі» ретінде түсінеміз. Қазірдің өзінде қоғамда «Сен мен сияқты сенуің керек, мынауың ширк, мынауың бидғат, нәтижеде сен кафирсің» деген сияқты психологиялық, діни, танымдық қысымдар көрініс беруде. Осындай құқықтық-психологиялық қысым көрсетушілікті зайырлылық ұстанымына негізделген мемлекет қана тоқтатады. Ал мемлекеттің демократиялық, либералистік, зайырлылық сипаты ешқандай сеніммен, діни қағидамен, дінмен қайшы келмейді.

Жоғарыда да айттық, зайырлылық – сенімге, дінге, идеологияларға қатысы жоқ ұстаным. Сондықтан Қазақстан – зайырлы ел, құрушысы – қазақ мәдениеті, ол мәдениетте ислам – басты анықтаушы дін.

Ләззат Қожамұрат