06 жел, 2018 сағат 08:09

Жат ағымның жетегінде кеткендерді оңалтудың басты алғышарты

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген дана халықтың ұрпағымыз. Бұл барлық жағдайда сақтыққа шақыратын ұран болғанымен қазіргі жаһанданудың салқыны шарпыған көптеген елдерде радикализм мен экстремизм індеті өршіп тұр. Кеңестік жүйеден шығып, идеологиялық тұрғыдан  есін жиып, етек-жеңін жауып үлгермеген еліміз азаматтары да осы індеттен ада емес. Имандылыққа бет бұрып, діндарлық жолын таңдағандар да қазір көптеп саналады. Соның ішінде діндарлық деп әсіре діншілдікке, имандылық деп адасушылыққа ұрынған отандастарымыз да жоқ емес. Ендігі міндет халыққа теріс ағымдар туралы ескертіп қана қоймай, сол ағымның құрығына түскен (олар өздерін адасушылармыз деп санамайды) азаматтарды қайтадан қоғамға бейімдеу. Бұл да көп еңбек пен жүйелі жұмысты қажет ететін шаруа екендігі тәжірибеден белгілі.

Біз үшін радикалды, теріс ағым болғанымен, көптеген азаматтар үшін «тура жол» (шынайы ислам) саналатын кейбір идеологиялық топтармен күресу оңай шаруа болмасы хақ. Идеология дейтініміздің басты себебі, ол ағымдарда барлық қатынастар реттеліп, белгілі бір жүйе қойылған. Мәселен, еліміздегі ең ықпалды саналатын Сәләфилік идеологияның да тамыры тереңде жатыр. Егер олай болмағанда олар өздерінің сапына мыңдаған азаматтарды тарта алмаған болар еді. Мысалы, аталмыш ағымның бас идеологтарының бірі саналатын Ибн Таймийя өзінің «Үш негіз» деген еңбегінде: «Ақылды адам Құран мен сүннетті түсінуде логикаға мұқтаж емес, ал ақылсыз адам оларды бәрібір түсінбейді»-деген. Ол сондай-ақ былай деп те айтқан:  «Ол (логика) – биік таудың үстіндегі сасық ет сияқты, машақатпен жетесің, бірақ алатын пайдаң мардымсыз-ақ», деген пікір айтады. Бұл пікір бойынша логиканы оқудың, жүгінудің қажеті шамалы. Ал ақыл туралы да көзқарасы жоғарыда келтірілді.

Сала мамандарының бірі, профессор Досай Кенжетайдың пікірінде де айтылғанындай: «Радикализм деген негізінде саналы үдеріс. Ол сол жердің әлеуметтік экономикалық қабаттарына негізделеді. Бізде қазір адамдардың көбі радикалды сенімге дайын тұр. Оның басты себебі надандық, яғни сыни ойлаудан мақұрым қалуы. Ой болмаған жерде, үкімдер мен шаблондар, қалыптар мен ережелер үстемдік етеді. Ал діни таным өзі табиғатынан шаблондар мен ережелерден тұрады. Сондықтан адамдарға ойланудан көрі, дайын шаблондарды алу өте оңай әрі, сенімді. Себебі адам өзіне сенбейді, өзі ойлана алмайды, тобыр болуға иығын беріп тұрады» екен[1]

Демек, теріс ағымға кірген адам, сол ағымның түсініктері мен қағидаларын басымдыққа алатындықтан, сәләфиттік көзқарастағы азаматтардың ғалымдардың ақылына құлақ салмауы, саналы түрде қисынға сала отырып ойланбауы, олардың негізгі қағидаларына жататындығынан. Ал ондай адамды логикалық түрде жеңу үшін, алдымен ол логиканы мойындауы керек емес пе?!

Қарапайым ғана дәйек келтіретін болсақ, елімізде сәләфиттік-уахабилік бағытты ұстанатындардың басым көпшілігі (тек харижиттар мен такфирлардан басқа) мешіттерімізге жұма намаздарына немесе бес уақыт намазға келеді. Алайда, олардың артына тұрып намаз оқытатын имамдары Ханафилік-матуридилік сенімдегі (олардың пікірінше адасқан) адам. Сонда мынадай қисын шығады. «Егер олар имамның артында тұрып намаз оқыса Ханафилік бағытты мойындағаны немесе Ханафилер адасқан болса олар неге имамның артында намазға жығылады». Осы қарапайым логиканың өзін олар түсінбейді. Себебі, радикалды топтарға логикасы дамыған адамдар керек емес. Тіпті имам уағыз айтып жатқанда құлағын бітеп отыру (өздерінің айтуынша жүректі күмәннан сақтау үшін) да қисынсыз шаралардың бір түрі ғана.

Сондықтан, радикалды топтың идеологиясы егжей-тегжейлі жасалған жүйеге негізделеді. Қатардағы қарапайым адамдар дін іздеп жүріп еріп кеткені болмаса, нағыз идеологтар өздерінің бағытын нақты зерделеп, келген адамдарды радикалдандыру жолдарын жоспарлап әрекет қылады. Сондықтан олармен күресу де, оңалту да жоспарлы түрде теологиялық-психологиялық негізде жүргізілуі керек. Олай болмаған жағдайда атқарылған жұмыстың нәтижесі төмен болмақ. Сондай-ақ төмендегі ұсыныстарды ескере отырып оңалту қадамдарын жасау тиімді саналады.

  1. Жүрекке жол табу. Радикалды, экстремистік топтарға кірген адамдар өз ішіне тұйықталған адамдар санатына жатады. Олар мамандарға қарағанда көшедегі қарапайым адамдармен тез байланысқа түседі. Сондықтан аталмыш ағымдар өкілдерімен қандай да бір байланыс орнату қиын. Дегенмен, олардың қалыптасқан ортасынан бөліп алмас бұрын, жиі қарым-қатынас орнатуға тырысу қажет. Керек болған жағдайда достық сипатта қатынаста болудың пайдасы зор. Ал, белгілі бір сыйластық, қарым-қатынас орнаған адамдармен сұхбаттасу да, әртүрлі мәселелерді талқылау да оңайға түседі.
  2. Тұрақты байланыс. Олармен байланыс орнатқан адамдардың тұрақты болуы. Мәселен, оңалтуға кіріскен кезде мамандардың жиі ауысуы оңалту жұмысына кедергі келтіреді. Олардың арасында жақын байланыс орнап үлгермейді. Кейбір деректер бойынша 3-4 жылдық байланыстан кейін өздерінің ішкі проблемаларын ақтару деңгейіне жетеді. Ал, ол үшін тұрақты азаматтардың үнемі байланысты болуы тиімді. Тіпті кейбір түзету мекемелерінде оңалту жұмыстарына тартылған теолог мамандар мен имамдардың ауысып кетуі де жұмысқа кері ықпалын тигізіп жатады. Немесе экстремизм, терроризм бабы бойынша сотты болып, жазасын өтеушілердің өздері «бізге пәлен теологтың келгені дұрыс еді, үйреніп қалып едік!» деген пікірлерін білдіріп жатады.
  3. Жамағат пікірі. Кез-келген діни ортаны – жамағат деп атаймыз. Теріс ағым өкілдерінің арасында да тығыз байланыс орнаған. Жүйелі түрде спорттық жаттығуларға бару, діни рәсімдерді бірге атқару, жұма намаздарынан кейін бір-бірінің хал-ахуалын сұрасу т.б. сияқты адамдардың бір-біріне бауыр басуын қамтамасыз ететін байланыстар орын алады. Біраз уақыт жамағаттың ішінде жүрген адам осының салдарынан ол жерден шыға алмастай халге түседі. Сондықтан біздің дәстүрлі бағыттағы мамандарымыздың жеңілетін тұсы, оңалтуға жалғыз қатысуы, өзінің діни ортасының болмауы, немесе теріс ағымнан оңалтылған адаммен тұрақты жамағаттық деңгейде байланыс жасау мүмкіндігінің болмауы ол адамның қайтадан жамағат өмірін аңсауына себеп болады.
  4. Әлеуметтік-психологиялық сауықтыру. Кез-келген дін адамның тек санасына ғана емес, жүрегіне де орнығады. Оған бірден шабуыл жасау дұшпандықтың өршуіне алып келеді. Біздің көптеген теологтарымыз осы позицияны ұстанып, өшпенділік сезімін өршітуде. Сонымен бірге радикалдылықтан байсалдылыққа ғана ауыстыруға болады деген сыңаржақ пікір қалыптасқан. Бұл қате түсінік. Ең басты міндет  теріс діни сенімдермен уланған азаматтарды алдымен психологиялық тұрғыдан, содан кейін әлеуметтік тұрғыдан оңалтуға күш салу керек. Тіпті байсалды діни ұстанымға өтуі үшін де алдымен психологиялық-әлеуметтік оңалуы шарт.
  5. Жақыны арқылы ықпал ету. Елімізде бүкіл әулетімен теріс ағымдарға кіріп кеткен отбасылар жоқтың қасы. Қарға тамырлы қазақтың қазірге дейін сақталып келе жатқан бір құндылығы – әулеттік байланыс. Осы орайда ақсақалдардың рөлі, сол әулеттен шыққан діни білімі бар азаматтардың рөлі, тіпті қасындағы жары мен қолындағы баласына дейін азаматтардың пікірін өзгертуге ықпал ету үшін баспалдақ ретінде пайдалануға болатындығын кейбір облыстардың ұтымды тәжірибесінен аңғаруға болады. Сондықтан, «бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» деген қазақ халқының өкілін әулет ішінде оңалту да аса тиімді жолдардың бірі саналады. Радикалды көңіл-күйдегі азаматтар жақын жандарын сыйламаса, мүлде танымайтын мамандарды тыңдауы өте қиын.

Сөзімізді Шәкәрім Құдайбердіұлының сөзімен түйіндесек:

«Дін тазасын діннен ізде,

Дін шатағын сынға сал.

Анық айна өзіңізде,

Айда ақылды қаттырақ.

Шала дінді пән де таппас,

Дін тазасын ой табар.

Еркін ақыл тіпті адаспас,

Кезсе кірсіз жарқырап» - дегендей ақ пен қараны, дұрыс пен бұрысты сыни тұрғыдан саралай алатын саналы ұрпақ қалыптастыру, дәстүрлі дінімізді сан ғасырлық салтымызбен сабақтастыра отырып ұрпақ санасына сіңіруден басталса болашақта радикализм мен экстремизмнің ауылы алыстамақ. Болмаса бекер!


[1]Досай Кенжетайдың әлеуметтік желідегі парақшасынан.

Кеңшілік ТЫШҚАН,

дінтанушы