16 қаз, 2019 сағат 16:51

Теннис: Рыбакина Люксембург турнирінің ширек финалына шықты

Қазақстандық Елена Рыбакина Люксембург WTA турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Осы жарыстың үшінші, әлемнің 43-ракеткасы Е.Рыбакина екінші айналымда рейтингте 247-орында тұрған чехиялық Дениса Аллертовамен кездесті.

Бірінші партияда есеп 2:1 болған мезетте қазақстандық теннисші брейк жасай білді. Сосын сетті тағы бір брейкпен бітірді – 6:2.

Екінші партияда да Е.Рыбакина брейкпен алға шықты – 3:1. Тағы бір брейктен кейін мачтқа доп бергенде де қарқынын бәсеңдеткен жоқ – 6:1.

Қазақстандық спортшының басымдылығымен өткен бәсеке 58 минутқа созылды.

Е.Рыбакина жүлде қоры 226,4 мың АҚШ долларына бағаланған доданың жартылай финалына шығу үшін әлемнің 52-ракеткасы, словакиялық Виктория Кузьмова немесе рейтингте 79-сатыдағы германиялық Лаура Зигемундтың қай жеңгенімен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Е.Рыбакинаның Люксембург турнирінің екінші айналымына шыққанын, ал Ю.Путинцева мен А.Бубликтің Мәскеуде «Кремль кубогында» жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.