08 сәу, 2021 сағат 19:31

Теннис: Путинцева Чарльстон турнирінің ширек финалына шықты

Қазақстандық теннисші, әлемнің 31-ракеткасы Юлия Путинцева Чарльстон (АҚШ) WTA 500 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ю.Путинцева үшінші айналымда әлемнің 13-інші, осы жарыстың 6-ракеткасы, испаниялық Гарбинье Мугурусамен кездесті. 

Бірінші партияда испаниялық теннисші бірде-бір гейм берген жоқ – 6:0.

Екінші сетте қазақстандық спортшы брейкпен алға шыққанымен, Г.Мугуруса таразы басын теңестірді – 2:2. Бұдан кейін испаниялық теннисші доп берген гейм тартысты өрбіді. Есеп 40:40 болған мезетте өзін жайсыз сезінген Г.Мугуруса жарысты жалғастырудан бас тартты.

Бәсеке 1 сағатқа созылды.

Ю.Путинцева жартылай финалға шығу үшін әлемнің 11-ракеткасы, чехиялық Петра Квитова немесе рейтингте 91-орында тұрған черногориялық Данка Ковиничтің біреуімен таласады.