17 қаң, 2020 сағат 12:30

Теннис: Елена Рыбакина Хобарт турнирінің финалына шықты

Қазақстанның бірінші, әлемнің 30-ракеткасы Елена Рыбакина Аустралиядағы Хобарт WTA турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Осы жарыстың үшінші ракеткасы болып тіркелген 20 жастағы қазақстандық спортшы жартылай финалда ұлыбританиялық Хитер Уотсонмен күш сынасты.

Қазіргі кезде рейтингте 101-сатыда тұрғанымен, 27 жастағы Х.Уотсон – үш мәрте WTA жарыстарында жеңімпаз атанған, соның ішінде 2015 жылы осы Хобартта үздік шыққан тісқаққан теннисші. Сол кезде ол рейтингте 38-орынға көтерілген еді.

Кездесуді табысты бастаған Е.Рыбакина бірінші партияны жеңіспен тәмамдады – 6:3.

Есесіне екінші сетте қарсыласы 5:2 есебімен алға кетті. Бұдан кейін қазақстандық теннисші есепті қысқартқанымен, теңестіре алмады – 4:6.

Үшінші, шешуші партия барысында Е.Рыбакина медициналық көмекке де жүгінді. Дегенмен есеп 5:4 болғанда, бәсекені брейкпен аяқтай білді – 6:4.

Тартысты матч 2 сағат 11 минутқа созылды.

Е.Рыбакина финалда қытайлық, әлемнің 40-ыншы, осы доданың 4-ракеткасы Чжан Шуаймен бас жүлдені сарапқа салады. Ол жартылай финалда 22 жастағы ресейлік Вероника Кудерметованы 6:3, 6:4 есебімен тізе бүктірді.

Бұл – Е.Рыбакинаның биылғы екінші финалы. Өткен аптада Қытайдағы Шэньчжэнь WTA турнирінің финалында ресейлік Екатерина Александроваға жол берген болатын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Хобарт турнирінің жартылай финалына шыққанын, Аустралия ашық чемпионатында қазақстандық теннисшілердің қарсыластары анықталғанын, Дмитрий Попконың іріктеу сайыстарының финалына жолдама алғанын жазған болатынбыз.