20 ақп, 2020 сағат 14:55

Теннис: Елена Рыбакина Дубайда әлемнің 3-ракеткасын ұтты

Қазақстанның бірінші, әлемнің 19-ракеткасы Елена Рыбакина Дубай турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Е.Рыбакинаның бұл жолғы қарсыласы өте мықты, әлемнің үшінші, осы доданың 2-ракеткасы, чехиялық Каролина Плишкова еді.

Бірінші партияда есеп 2:3 болған мезетте доп берген қазақстандық теннисші қателікке бой алдырып, қарсыласының брейк жасап кетті. Дегенмен іле-шала қайыра брейкке қол жеткізіп, таразы басын теңестірді – 4:4. Ал тай-брейкте 20 жастағы Рыбакина 1992 жылғы тәжірибелі қарсыласына бір ғана ұпай берді – 7:6 (7:1).

Екінші сетті бастаған Елена Плишкованың брейк жасауына жол бермей, өзі сондай мүмкіндікті мүлт жібермеді – 2:0. Ақыры есеп 5:3 болып, матчқа доп бергенде, қателескен жоқ – 6:3.

Тартысты бәсеке 1 сағат 40 минутқа созылды.

Осылайша қазақстандық теннисші бір турнирдің өзінде рейтингте үздік ондыққа кіретін екі спортшыны ұтып отыр. Бұдан бұрын ол алғашқы айналымда әлемнің 7-ракеткасы, биылғы Аустралия ашық чемпионатының жеңімпазы, америкалық София Кенинді тізе бүктірген болатын.

Е.Рыбакина премьер деңгейіндегі Дубай жарысының (жүлде қоры 3 млн АҚШ долларына жуық) финалына шығу үшін әлемнің 15-ракеткасы, хорватиялық Петра Мартич немесе рейтингте 24-орындағы эстониялық Анетт Контавейттің біреуімен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Е.Рыбакинаның Дубайда, ал Александр Бубликтің Марсельде ширек финалға шыққанын жазған болатынбыз.