16 нау, 2020 сағат 09:40

Теңгедегі депозит бойынша ұсынылған ең жоғары мөлшерлеме ұлғаяды

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры теңгедегі жинақ, мерзімді және мерзімсіз депозиттер бойынша ұсынылған ең жоғары мөлшерлемелерді ұлғайтуда. Бүгін кейбір депозиттер бойынша ең жоғары мөлшерлемелердің мәні қайта қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өзгерістер бүгін күшіне енеді: банктер енді депозиттерді едәуір жоғары мөлшерлемелермен қабылдауға құқылы. 

Ұсынылған ең жоғары сыйақы мөлшерлемелерін қайта қарау – ақша нарығындағы шарттардың өзгеруіне берілген барабар жауап. Еске саламыз, базалық мөлшерлеме 9,25 пайыздан 12 пайызға көтеріліп, оның пайыздық дәлізі +/- 0,5 пайыздық тармаққа кеңейтілген болатын. 

«Ұзақ мерзімді жинақ салымдар ең жоғары табысты салымдар болып қала береді. Бір жыл мерзімге ашылған және толықтырылмайтын жинақ салымдар бойынша ұсынылған ең жоғары мөлшерлеме 15,1 пайызға , екі жыл мерзім бойынша – 15,5 пайызға өседі.Бұл бұған дейінгі мәндерден 1 пайыздық тармаққа жоғары. Жинақ салымдарға деген сұраныс бәсеңдеген жоқ. Керісінше ақшаның құны өзгеріп жатқан жағдайда бұл салымдар едәуір жоғары табыс әкеледі. Оның үстіне аталмыш салымдар ҚДКБҚ тарапынан қорғалады» делінген хабарламада. 

Толықтыруға және кез келген уақытта алуға болатын мерзімсіз салымдар – бұл жалпы бұқаралық өнім – мұндай депозиттер барлық банктердің депозиттер желісінде бар. Өткен аптада мерзімсіз салымдар бойынша ұсынылған ең жоғары мөлшерлемердің мәні қайта қаралған соң, оған қоса базалық мөлшерлеменің пайыздық дәлізінің кеңейтілуіне байланысты ҚДКБҚ бүгін базалық мөлшерлеменің спредін 0,5-тен 1 пайыздық тармаққа ұлғайтты. Банктер бүгіннен бастап-ақ мерзімсіз салымдарды 13 пайызға дейінгі мөлшерлемемен қабылдауға құқылы. 

«Үш және алты айлық қысқа мерзімді жинақ салымдар ҚДКБҚ-ның базалық мөлшерлемеден тыс спредті 1-ден 2 пайыздық тармаққа дейін өсіру туралы шешімінің арқасында едәуір жоғары табысты салымдарға айналады. Бүгіннен бастап 3 және 6 айлық жинақ депозиттер бойынша мөлшерлемелердің ең жоғары мәні - 14,0 пайызды құрайды. ҚДКБҚ мерзімді салымдар бойынша мөлшерлемелердің ең жоғары мәнін өзгеріссіз, яғни, 10 наурызда бекітілген деңгейде қалдырды» деп мәлім етті қордың баспасөз қызметі. 

Алайда мына мерзімді депозиттер бойынша ұсынылған ең жоғары мөлшерлемелерді, дәлірек: бір жылға ашылған депозиттер бойынша - 12,2 пайызға , екі жылға – 12,9 пайызға дейін өсірді. 

«ҚДКБҚ әрекеті нарықтық әдістемеге негізделеді және бірінші кезекте қазақстандық салымшылардың мүдделерін қорғауға және салымдарды саралаудың негізгі қағидасын сақтауға бағытталған: барлық депозиттер инфляциядан жоғары табыс әкеледі, ал мерзімінен бұрын алуға қатысты ең жоғары талаптарға ие жинақ салымдар едәуір жоғары табыстылық әкеледі», - деп түсіндірді Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры төрағасының міндетін атқарушы Бота Ақбаева.