14 қар, 2019 сағат 11:12

"Теңге бағамына мұнай бағасының динамикасы ғана ықпал етпейді" - Ұлттық банк

Осы жылдың басында мұнай қымбаттап, ресейлік рубль нығая түскендіктен, артынша теңге де күшейеді деп болжанған. Алайда уақыт тұспалды жоққа шығарып отыр. Мұның себебін Ұлттық банктің Монетарлық операциялар департаментінің директоры Әлия Молдабекова түсіндіріп берді, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Теңгенің биылғы айырбас бағамы шетел валютасындағы барлық ағымдардың сұраныстары мен ұсыныстарының үйлесімін көрсетеді. Ұлттық банк теңге бағамының құбылмалы сипатын қолдай береді. Осы бағыт теңгенің ішкі және сыртқы факторларға күн сайынғы реакциясын көрсетіп отырады» деді Әлия Молдабекова.

Ұлттық банк өкілінің айтуына қарағанда, жыл басында мұнай бағасы қымбаттап, ресейлік рубль де нығая түскен. Осыған орай, қаржы нарығының кейбір қатысушылары биыл теңге күшейетініне сенім білдіріпті.

«Бірақ бұл ретте бір мәселені атап өткім келеді: теңге бағамына мұнай бағасының динамикасы ғана ықпал етпейді. Сол секілді, белгілі бір кезеңдегі мұнайдың орташа бағасы әсер етеді. 2019 жылы мұнайдың орташа бағасы барреліне 64 АҚШ долларын құрады. Ал 2018 жылы мұнай баррелі 72 АҚШ доллары болған еді» деді ол.

Әлия Молдабекова ұсынған мәліметке қарасақ, ресейлік рубльдің нығаюына дамып келе жатқан нарықтардағы тәуекелді активтерге деген инвесторлардың «тәбеті» себеп болған. Нақты, Ресейге келгенде инвесторлар федералды қарыз облигацияларына (ФҚО) зор қызығушылық танытқан көрінеді.

«Дамыған елдерде мемлекеттік құнды қағаздар бойынша кірістің жаһандық деңгейде төмендеуі аясында инвесторлар жоғары дифференциалды ставкаларды ескере отырып, рубльдік құнды қағаздарға қызыға түсті. Санкцияларға қарамастан, осынау қызығушылық Ресей нарығына шетелдік валюталардың тұрақты түрде келіп тұруына мұрындық болып отыр» дейді Әлия Молдабекова.

Bloomberg агенттігінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері шетел инвесторлары федералды қарыз облигацияларына 12 млрд АҚШ долларын алып келген.

«Екіншіден, ішкі фундаменталды факторларды есепке алайық. Экономиканың импортқа тәуелділігін ескере отырып, біздің елде импортты тауарларды, құрылғыларды ары қарай ала беру үшін шетел валютасын сатып алу мәжбүрлігі туады» деді Ұлттық банк өкілі.

Алдын ала мәлімет бойынша, осы жылдың 9 айында тауар импорты 12,2 пайызға – 25,1 млрд доллардан 28,2 млрд долларға өскен. Импорттың өсімі негізінен ірі шикізаттық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін құрылғыларды, техника мен материалдарды алу қажеттілігінен туындайды.

«Міне, осылайша, экспортерлер тарапынан долларды сату көлемі азайып, мұнай бағасы өткен жылға қарағанда төмендегендіктен, теңге нығаймады. Ал импорт өсіміне байланысты долларды сатып алғысы келетіндердің саны арта түсті» деді Әлия Молдабекова.