08 ақп, 2019 сағат 20:00

Теміржол саласындағы жемқорлық: Әрбір пойыз күніне 100 мың теңгеден тапсырады

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі үш айлық тексерістің нәтижесін жариялады. Оған сәйкес, теміржолмен жолаушыларды тасымалдау саласында бес бірдей облысты қамтыған қылмыстық сxема әшкереленді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы төрағасының орынбасары Шыңғыс Қабдолланың айтуынша, аталған сxема бойынша көліктік бақылау инспекциясы, «Қазақстан теміржолы» АҚ-сы мен желілік полицияның лауазымды тұлғалары тұрақты түрде заңсыз ақша алып отырған.

Арнайы операция Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстары, Астана мен Шымкент қалаларында ұйымдастырылды.

«Соның нәтижесінде 50-ден астам парақор анықталды. Олардың ішінде «Қазақстан теміржолы» АҚ-сының 31 қызметкері бар. 3 ревизор, көліктік бақылау қызметінің 3 өкілі, жекеменшік тасымалдаушылардың 9 жұмыскері, 6 вокзал кезекшісі, 2 желілік полицей, 6 алыпсатар және тағысын тағы. Мәселен, алыпсатарлардың көбісі - қылмыстық сxемаға қатысқандардың туыстары. Олар ақшаны жинап отырған. Ал пойыз бригадирлері мен жолсеріктері тексерістен құтылу үшін ақшаны беріп тұрды. Заңсыз сыйақының көлемі 8-40 мың теңгенің айналасында болған», - деді Ш.Қабдолла.

Арнайы операция кезінде қолға түскендердің бәрі пара бергендерін мойындады. Олардың сөзіне қарағанда, пойыздың ақшасы жиналмаса, жоғарыдан тексерістер жіберіледі. Ондайда айыппұлдар көптеп салынады. Одан да пара беріп құтылғаны артық. Осылайша, күнде бір пойыздан 100 мың теңге жиналып тұрады. Бір айдың ішінде аталған сома 3 миллионға дейін барады. «Бұндай «алым-салықтар» күнде жиналады. Соның салдарынан xалыққа қызмет көрсету сапасының нашарлайтыны белгілі», - деп атап көрсетті Ш.Қабдолла.

Айта кетейік, бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі теміржол стансаларының басшыларын ұстау кезіндегі видеоны да жариялады.