12 қыр, 2019 сағат 12:22

Темір жол саласын реформалау: Жеке жүк тасымалдаушыларға қолдау көрсетіледі

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму минстрлігі «Темір жол көлігін дамыту мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиевтің айтуынша, темір жол саласын реформалаудың негізгі мақсаттарының бірі - жүк тасымалының бәсекеге қабілетті нарығын қалыптастыру үшін, магистральді темір жол желілерін жеке жүк тасымалдаушыларына қолжетімді ету үшін жағдай жасау.

«Осылайша, ашық есеп пен жолаушылар тасымалы шығындарын бақылаудың механизмі жасалады. Мұнда билетке төмен тариф орнату, жүк тасымалы есебінен жолаушылар тасымалын тоғыспалы субсидиялау, мемлекеттік бюджеттен жолаушылар тасымалын субсидиялау, жолаушылар вагонын алуға көмектесу сынды бірнеше жолаушылар тасымалын қолдау құралдарын ескереміз», - деді Берік Қамалиев ҚР Әділет министрлігі Заң жобалық қызмет мәселелері бойынша ведомствоаралық комиссия отырысында.

Одан бөлек, субсидиялар мен өзге де жолаушылар тасымалын қолдау түрлерін бөлу механизмінің ашықтығын көтеру, тасымалдаушыларға ашық әрі әділ қызмет жағдайын ұсыну жоспарланған.

Аталған заң жобасы арқылы Кәсіпкерлік кодексіне, «Салықтар және өзге де міндетті төлемдер туралы» кодекске және «Темір жол көлігі туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.