21 қар, 2019 сағат 08:51

Темекіден жыл сайын 8 млн адам көз жұмады

Жыл сайын темекі шегуден 8 млн адам көз жұмады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау орталығына сілтеме жасап.

«Темекі шегуден миллиондаған адам өкпе обырымен, туберкулезбен, демікпемен немесе өкпенің созылмалы ауруларымен ауырады. Темекі шегу – бұл жүрек-қан тамырлары ауруларының (инфаркт, инсульт), ерлерде эректильді дисфункция, терінің ерте қартаюы, сондай-ақ жүктіліктің қолайсыз нәтижесі және жүкті әйелдерде болашақ баланың денсаулығы үшін тәуекел факторы», - делінген баспасөз хабарламасында.

Темекі шегу – бронх-өкпе, онкологиялық және басқа да созылмалы аурулардың қауіпті факторларының бірі.

«Темекі шегуден бас тартқаннан кейін 1-9 ай ішінде жөтел мен ентігу азаяды. 10 жылдан кейін сізде өкпе обырының даму қаупі шылым шегушіге арналған осындай тәуекелмен салыстырғанда екі есе төмендейді, сондай-ақ сізде ауыз қуысы, тамақ, өңеш, қуық, жатыр мойны және ұйқы безі обырының даму қаупі төмендейді. 15 жылдан кейін жүректің ишемиялық ауруының даму қаупі темекі шекпейтін адамның қауіп деңгейіне дейін төмендейді», - дейді мамандар.

Сондай-ақ, адам темекі шегуден бас тартса, зиян әдетпен байланысты денсаулықтағы проблемалар дамуын тоқтатып, импотенция ықтималдығын, жүктілік, мерзімінен бұрын босану, дене салмағы төмен балалардың туылуы мен түсік тастау мәселелерін төмендетеді.