#
#
Дүйсенбі 17/06/2019

Темекі зардабының алдын алыңыз

  • 04.06.2019
  • 0
  • 843

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен жыл сайын Темекіге қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылатын дәстүрлі шара биыл «Темекі және өкпе аурулары» тақырыбына арналды.

Шылымқорлық – әлемдегі ең үлкен зиянды әдеттердің бірі. Қазіргі таңда әлемдегі әр төртінші еркек пен әр жиырмасыншы әйел никотинге тәуелді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жыл сайын әлемде 7 миллион адам темекі салдарынан көз жұмады екен. Соның 890 мыңға жуығы өзгелер шеккен шылымның түтініне уланғандар. Яғни, пассивті шылымқорлық та қауіпсіз емес. Ол – жүрек-қан тамыры, жүректің ишемиялық ауруы, өкпе, өңеш, асқазан обыры сынды т.б. аурулардың бірден-бір себепкері.

Ресми статистикаға сүйенсек, өлім-жітім жағынан алғашқы орында тұрған жүрек-қан тамыры аурулары, тыныс алу органдары аурулары мен қатерлі ісіктің қай-қайсысы да шылымқорлық салдарынан болатын дерттер.

Нұрсұлтан қаласындағы онкологиялық аурулардың электронды тізбесінің 2019 жылдың 1 маусымындағы деректері бойынша, өңеш обырымен – 95 науқас тіркеліп, 1-еуі қайтыс болған, асқазан обырымен – 110 науқас тіркеліп, 18-і қайтыс болған, өкпе обырымен – 345 науқас тіркеліп, 46-сы қайтыс болған. Байқап отырғандарыңыздай, негізінен темекі шегу салдарынан болатын өкпе обырынан зардап шегушілер саны жоғары.

Шын мәнінде, «егер ішкі органдарды жыл сайын тексеріп отыратын болса мұның алдын алуға болар еді» дейді мамандар. Темекі шегетіндер үшін жүрек пен өкпені тұрақты бақылауда ұстаудың маңызы зор. Оның үстіне, мемлекет халыққа жәрдем ретінде кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетін ұсынады. Аталған пакетке жалпы практика дәрігерінің қабылдауы мен консультациясы, көздің көру қабілеті мен көз қысымын тексеру, қандағы холестерин, глюкоза деңгейін тексеру үшін қан тапсыру, электрокардиограмма, флюорография, спирография сынды қызметтер кіреді. Организмде шылымның салдарынан болып жатқан өзгерістер мен ауытқуларды осы процедуралар арқылы ертерек анықтауға болады.

ШЫЛЫМҚОРЛАРҒА АРНАЛҒАН ЖАДНАМА

-       Жалпы практика дәрігерінің қабылдауы мен консультациясы

-       Көздің көру қабілетін тексеру

-       Көздің ішкі қысымын өлшеу

-       Биохимиялық зерттеулер: қандағы холестерин, глюкоза деңгейін анықтау

-       Электрокардиограмма

-       Флюрография (15 жастан)

-       Спирография

Кепілдендірілген тегін медициналық көмек тізімі (ҚР Үкіметінің 2009 жылы 15 желтоқсандағы №2136 қаулысына қосымша)

«2019 жылы Нұрсұлтан қаласындағы денсаулық сақтау мекемелерін қаржыландыруға қазынадан 90,7 млрд теңге бөлінді. Оның 13,6 млрд теңгесі емханалық-амбулаторлық көмекке бағытталады, негізінен профилактикалық шараларға ден қойылмақ.

Оған қоса, тегін медициналық көмекті мемлекеттік қана емес, жеке меншік клиникалар да көрсетеді. Биыл мемлекеттік тапсырысты орындап жатқан 93 медицина ұйымының 58-і – жеке меншік. 2018 жылмен салыстырғанда жекеменшік клиникалар саны 9-ға көбейген», - дейді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Нұрсұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.

Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде көрсетілетін кепілдендірілген медициналық көмекті Қазақстанда тұратын әр азамат пайдалана алады. Бюджет қаражаты есебінен профилактикалық, диагностикалық және емдік қызметтер   көрсетіледі. Сондықтан, тұрғындарға айтарымыз: денсаулықтарыңызды уақытылы тексертіп тұрыңыздар, ауруды емдегеннен алдын алған оңай. Өз денсаулықтарыңыз – өз қолдарыңызда!

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры

Нұрсұлтан қаласы филиалы

баспасөз қызметінің мәліметі бойынша

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар