06 жел, 2017 сағат 09:43

Телекөпір: Қытай мен Өзбекстанға газ экспорты артады

Астанадағы жалпыұлттық телекөпір барысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе облысындағы «Бозой» қоймасында газды кептіру қондырғысын іске қосты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Құрметті Елбасы! Осы жобаның арқасында Ресей, Қытай, Өзбекстанға тасымалданатын транзиттік және экспорттық газдың көлемі артады. «Бозой» жерасты газ қоймасы - еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде стратегиялық маңызы бар. Жаңа қондырғы өнімділікті арттырып, тәулігіне 27 млн текше метрге жеткізбек. Бұл батыс пен оңтүстіктегі қазақстандық тұтынушыларды газбен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Нұрсұлтан Әбішұлы, іске қосуға рұқсат етіңіз!», - деді «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ аға вице-президенті Ибулла Сердиев.

Өз кезегінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел үшін бұл өте маңызды жоба екенін, еліміздің өңірлерін газбен қамтамасыз етуде үлкен жобалар іске асырылып жатқанын атап өтті. «Өндірістеріңіз табысты болсын. Іске қосыңыздар!», - деді Президент.

Айта кетейік, Астанада Мемлекет басшысының қатысуымен «Жаңа индустрияландыру: қазақстандық барыстың қадамы» ұлттық телекөпірі өтіп жатыр. Шара барысында онлайн-режимінде бүкіл ел бойынша жаңа индустриялық-инновациялық, инфрақұрылымдық, энергетикалық, агроөнеркәсіптік жобалар іске қосылуда.