19 қар, 2016 сағат 15:47

Техникалық университеттің мүмкіндіктерімен танысты

Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың бас оқу ғимаратында облыстық ардагерлер кеңесі мен аталған оқу орнындағы ардагерлер кеңесінің бірлескен мәжілісі өтті.

Жиында Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің даму келешегі және осындағы ардагерлер ұйымының жұмысына қатысты мәселелер қаралды.

Алдымен өңірдің аға буын өкілдеріне техникалық университеттің бүгінгі таңда қол жеткізіп отырған жетістіктері мен заманауи мүмкіндіктерін университет ректоры Жасұлан Шаймарданов таныстырып өтті. Ардагерлер «Тау-кен металлургиялық өнеркәсібінің қорларын кешенді пайдалану негізінде жаңа материалдарды алудың жоғары технологиялары» бағыты бойынша инженерлік бейіндегі «Іргетас» зертханасының арнайы жұмыс бөлімдерін аралап көрді. 
Атап айтар болсақ, олар материалдарды микроплазмалық өңдеу, трансмиссиялық электрондық өңдеу, растрлық электрондық микроскопия, физика-химиялық сынамалар дайындау бөлімдерінде болды. Олардың жұмыс бағытымен зертхана меңгерушісі Александр Бакланов таныстырды. Бұдан басқа ауа-плазмалық кесу, микроплазмалық шаңдату қондырғыларының, робот техникалардың жұмыс істеу барысын тамашалады. 

Мұндағы құралдардың бәрі де Жапониядан, Австриядан, Германиядан әкелінген заманауи дүниелер. Университет ғалымдары осылардың көмегімен кен орындары молынан шоғырланған аймақтың ірі өндірістік кәсіпорындарына қажетті зерттеулер жасаумен, сынамалар алумен шұғылданады, зауыттар тарапынан түскен өндірістік қажетті тапсырыстарды орындайды. Өңір кәсіпорындары да бірлесе жұмыс істеуге мүдделілік танытуда. Ол үшін осындағы қызметкерлер де білімдерін толықтыруда. Мәселен, осындағы инженер-зерттеуші маман Айдар Сәдібеков Жапонияның Токио қаласында төрт ай оқып, арнайы білімін жетілдіріп келген. Сондай-ақ, университет ғалымдары облыс орталығының экологиясына да әр шағын аудан бойынша толықтай зерттеу жасай алады. Олардан алынған нақты қорытындылар әр 20 минут сайын тиісті мекемелерге жіберіліп отырылады. Мысалы, Промбаза, Согра мөлтек аудандары ең лас деп саналса, Сол жағалау, КШТ, Стрелка аудандары таза деп саналады екен. Бұл жөнінде ақпараттық технологиялар және бизнес факультетінің деканы Наталья Денисова айтып берді.

Ректордың айтуынша, мұндағы қондырғылар - республиканы айтпағанда, ТМД елдерінің көбінде жоқ бірегей жабдықтар. Сондықтан, қазіргі уақытта әр студент өзіне берілген мүмкіндікті тиімді пайдаланып, нарықтағы сұраныстағы маманға айналуы тиіс. 

Сондай-ақ, рдагерлер оқу орнындағы Тұңғыш Президент кабинетінде бас қосып, оқу орнының және өңірдің ардагерлер ұйымының алдында тұрған мәселелерді талқыға салды. Жасұлан Шаймарданов қазір студенттер санын арттыруға, мектеп бітіретін түлектерді шетелде емес, өзімізде қалдыруға, профессорлық-оқытушылық құрамды жаңартуға күш салынып жатқанын атап өтті. 

Бірлескен жиынның жұмысын қорытындылаған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев мұндағы ардагерлерге жасалып отырған тиісті қамқорлық үшін оқу орны басшылығына ризашылық айтып, бірлесе жұмыс істеуге қашанда әзірліктерін білдірді. 

Дәурен Аллабергенұлы, "Дидар" газеті