06 қар, 2019 сағат 12:04

Тек өсімі тоқтады – ҰҚК полковнигі деструктивті ағымға ергендермен жұмыс жайлы

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің теологтармен, дінтанушылар бірге жүргізген жұмыстары тек деструктивті идеологияны ұстанатын азаматтар санының өсімін тоқтатқан. Осыған байланысты ҚР ҰҚК терроризмге қарсы орталық бастығының орынбасары Сергей Швейкин бұл бағытта алдын алу жұмысы барынша күшейтілетінін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде жүргізілетін алдын алу жұмыстарының сапасы ең алдымен, дін саласындағы мамандардың кәсібилігіне тікелей байланысты. Экстремизм мен терроризм үшін сотталған адамдармен жұмыс айтарлықтай күрделі. Десе де, бұл бағытта да нақты үлгілер баршылық. Өткен жылы ғана 144 сотталған азаматтың діни көзқарасын өзгертуге қол жеткізілді», - деді Сергей Швейкин елордада өтіп жатқан Қазақстан Дінтанушыларының ХІ форумында.

Оның айтуынша, құзырлы ведомство тарапынан мамандардың біліктілігін арттыру жұмысына баса маңыз беріледі.

«2015 жылдан бері арнайы құрылған ҰҚК-ның Терроизмге қарсы дайындық орталығында біліктілігін арттыру курстары ұйымдастырылған болатын. Ақпараттық түсіндіру топтарының мүшелері ақпараттық тұрғыда ықпал ету технологияларын жетілдіріп, біздің психологтарға оппонентке психологиялық ақпараттық ықпал ету амал-әдістері үйретілуде, тұлғаның психологиясы зерттеліп, әңгімелесу жолдары зерделенеді. Аталған контингентпен жұмыс барысында осы амал-әдістер қолданылып жатқанына сенімдіміз», - деді ол.

Сергей Швейкиннің айтуынша, қазіргі таңда теологтармен, дінтанушылар бірге жүргізілген жұмыстар тек деструктивті идеологияны ұстанатын азаматтар санының өсімін тоқтатқан.

«Болашақта алдын алу жұмыстары олардың санын азайтуы керек. Терроризмге қарсы орталықтың позициясы: біз кез келген бастаманы қолдауға дайынбыз», - деді Сергей Швейкин

Еске сала кетсек, елордада бүгін Қазақстан Дінтанушыларының ХІ форумы өтіп жатыр. Сергей Швейкин жиында Қазақстанда деструктивті ағымды ұстанатындардың саны 20 мыңнан асатынын айтқан еді. Өз кезегінде Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз түрмелерде қызмет ететін имамдарға жалақы тағайындауды ұсынды.