05 ақп, 2020 сағат 11:10

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай өңірлер жайлы роликтер сериясы жарыққа шығады

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өңірлер жайлы видеороликтер сериясын жарыққа шығарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Ақордада өткен ҚР Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның отырысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай видеороликтер топтамасы әзірленгенін жеткізді.

«Сіздің тапсырмаңыз бойынша (Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевқа қарата) Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Қазақстан туралы видеороликтер топтамасын әзірледік. Атап айтқанда, 7 ролик Қазақстанның өңірлерінің сұлулығына арналған. Видеороликтердің тағы бір парасы біздің елдің туристік, инвестициялық және экологиялық тартымдылығына арналған. 2019 жылы түсірілім жұмыстарымен республикалық маңыздағы үш қала, сонымен қатар төрт облыс – Алматы, Маңғыстау, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстары қамтылды», - деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев.

Министр түсірілім тобына барынша қолдау білдірген Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне алғысын білдірді.

«Олар шетелдіктер еді. Шығыс Қазақстан облысында барынша көмек көрсетілгенін айтып келді. Қазіргі уақытта роликтерде белгілі бір аймаққа басымдық берілмейді. Тек республикалық маңызы бар қалалар аталып өтеді. Бірақ биыл тағы 10 облыс бойынша жұмысты жалғастырсақ дейміз. Осылайша, әрбір өңір бойынша жеке ролик әзірленеді. Осыған байланысты биыл түсірілім тобына қолдау білдіруді аймақ басшыларынан өтінсем деймін. Әсіресе, түсірілім жұмыстары үшін сәтті локация таңдауда көмек керек. Жоба үшін кәсібилігі жоғары режиссерлер мен операторлар тартылып отыр. Бірақ олар шетелдіктер. Белгілі бір аймақ мақтан тұтатын орындарды олар біле бермеуі мүмкін», - деді ол.

Министрдің сөзін тыңдаған Қырымбек Көшербаев қазақтың жерін сақтап қалған, сол үшін күрескен Ж.Тәшеновті, танымал ғалым А.Бараевты өскелең ұрпаққа дұрыстап жеткізе білу керектігін атап өтті.

Айта кетсек, оның алдында министр «Рухани жаңғыру» бағдарламасының 2020 жылға арналған жаңа жоспарын таныстырған болатын.