#
#
Cәрсенбі 28/06/2017

Тәуелсіздікке 25 жыл. (Тәуелсіздік туралы сценарий)

  • 02.12.2016
  • 0
  • 1908

Сахнада түрлі безендірулер болады. Екі жүргізуші шығады.

1-жүргізуші: Армысыздар, аса қадірменді кеш қонақтары! 

2-жүргізуші: Кеш жарық қадірлі көрермендер! 

1-жүргізуші: Өткенін ұмытпаған, баһадүрлерін ұлықтаған ұлан-ғайыр атырапта бүгін мереке! Бұл мереке – Тәуелсіздігімізге 25 жыл толуы! Осынау ұлық мерекеміз құтты болсын ағайын! 

2-жүргізуші: Иә, бүгінгі мерекенің орны өзге. Қанымен қара тасқа қашалып, ғасырлар бойғы арман-тілекті бойына сіңіріп, сағым жылдардың елесін арқалап, асыға жеткен арманымыз ғой бұл. Дала төсінде тербеліп тұрар Тәуелсіздік бесігі шартараптағы сағыныштарды біріктірері сөзсіз. Осы орайда, тәуелсіздік жолында шейіт болған боздақтарымызға бүгінгі ұрпақ тарапынан тағзым ретінде бір минут үнсіз еске алсақ. (Барлығы орнынан тұрады)

1-жүргізуші: Кешімізді бастамас бұрын, қонақтарымызбен таныстырып өтсек: (келген қонақтарды таныстырады)

2-жүргізуші: "Дариға, Домбырамды берші маған, 
Жаныма келші жарым, келші балам. 
Бейуақ, іңірдегі көңіліме, 
Күй болып күңіреніп енші далам 

Домбырам, жүрегіммен үндес едің, 
Сенімен сырласымдай тілдесемін. 
Бабамнан қалған мұрам, сен болмасаң, 
Өнердің не екенін білмес едім". Әсерлі кешіміздің шымылдығын қазақтың қасиетті қара домбырасынан төгілген құдіретті күйге беруді жөн көріп отырмыз. Ендеше, орталарыңызда _______________________(бір күй орындайды) 

1-жүргізуші: Бостандығым! Тосқан күнім азалдан, 
Жиырма бес жыл – аспан кірсіз, ажарлы ән. 
Сен келгенде серпілгенмін қайғыдан, 
Сен келгенде сары мұңнан тазарғам. 

2-жүргізуші: "Ән көңілдің ажары" демекші, келесі кезекті әуезді әнге берейік. (Патриоттық тақырыптағы ән орындалады)

1-жүргізуші: Бабаларымыздың қанымен, білегінің күшімен, найзасының ұшымен келген киелі де қасиетті тәуелсіздіктің қандай қиындықпен келгені баршамызға мәлім болса керек-ті. Ұлық мерекеміздің аясында тәуелсіздік жолында еліміздің жүріп өткен қадамдарына назар аударып көрелік. (слайд көрсетіледі)

2-жүргізуші: Бойларыңыз шымырлап, рухтарыңыз бір асқақтап қалған шығар, иә?

1-жүргізуші: Өз басым тәуелсіздіктен кейін туылған буынның өкілі бола тұра, бұл егемендіктің қандай жолмен келгенін жақсы білемін. Қазақстан үшін, қазақ халқы үшін тәуелсіздік аспаннан түскен сый емес еді. Халқымыз бостандықты аңсап, тәуелсіздікке зарығып жетті. Аңсатқан азаттық жолында еліміз аз қиыншылық көрген жоқ. Тәуелсіздік – ата-бабамыздың ежелден келе жатқан арманы. Халқымыздың бостандыққа ұмтылысының және өшпес қайсар рухының арқасында тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бұл күнге дейін жеткен ұмытылмас оқиғалар – ел бостандығын қорғау соғыстары мен ұлт-азаттық көтерілістердің тарихымызда өшпес өнеге, өлмес мұра ретінде сақталатыны анық. 

2-жүргізуші: Қазіргі таңда Тәуелсіздік күні – барлығымыз үшін ерекше қасиетті күн. Бірліктің, ынтымақтастық пен татулықтың күні. Мемлекетіміздің тәуелсіздігі – ең алдымен халқымыздың бақыты, ұлтымыздың ұлы мұраты. 

(Хабарлаусыз, бір би жіберіледі) 

1-жүргізуші: Біздің ең киелі, ең қасиетті ұғымымыз – тәуелсіздік. Азаттықтың тамыры тым тереңде. Талай ғасырлар қойнауына көз жіберіп қарасаңыз, осынау тәуелсіздіктің қандай қиыншылықпен, қандай азаппен келгенін түсінесіз. Отан, туған ел, халық ұғымын тәуелсіздіктен бөліп қарастыра алмаймыз. Барлығы тамырлас, бір-бірімен байланысып жатқан өзегі бір ұғым. Тәуелсіздіктің иесі – халық, халықтың анасы – Отан.

2-жүргізуші: Жебесімін көбе бұзар түркінің, 
Егесімін күллі түркі жұртының. 
Назарына түспесе де дұшпанның, 
Жанарыма тұнған шықты іркідім. 

(Көрініс _______________) 

1-жүргізуші: Иә.... Осынау самарқау кезеңнің ұрпағы бола тұра мына біздер тәуелсіздіктің арқасында еркін шалқып өмір сүрудеміз. 

2-жүргізуші: Өте дұрыс айтасың, толықтай келісем. Бәйгеге ат жіберсек те, кең далада көсіліп ойнасақ та, билесек те, ән айтсақ та осының бәрі бабаларымыздан қалған асыл мұрамыз, аманат болған азаттықтың арқасы. Ендеше, татулық пен тұрақтылық аясында өмір сүріп, бейбітшілік, туын биікке көтерген Қазақстан халықы жаңа әлемнің жарқын жаңалықтарына ұмтыла бермек. 

1-жүргізуші: Сен десе тыным таппаймын мазамдай мүлдем, 
Сен десе жаным жаһанға тажалдай күлген 
Сен менің ұлы мұңымсың тағдырым егіз 
Сен менің ұлы жырымсың жаза алмай жүрген. 

2-жүргізуші: Құрметті жиналған көпшілік қауым, осымен біздің бүгінгі "Тұғыры биік Тәуелсіздік" атты кешіміз өз мәресіне жетті. Еліміздің еңсесі биік, туымыздың тұғыры берік, тәуелсіздігіміз мәңгі болғай. Келесі көріскенше қош сау болыңыздар!

Массагет

0 пікір

Пікір қалдыру

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар