#
#
Cәрсенбі 29/03/2017

Тәуелсіздік - басты құндылық

  • 17.08.2016
  • 0
  • 1325

Еуразия төсінде салтанат құрып, түркі халқының дамуына ықпал еткен мемлекеттік құрылымдардың түрлі даму кезеңдерден өткені белгілі. XV ғасырдың ортасында тарих сахнасына шыққан Қазақ мемлекеті де өткелең сәттер мен сын сағаттарды басынан өткерді.

Бір ауыз сөзбен жаудың да бетін қайтарып, дауды да шешкен дана халықтың ұлтжанды ұлдары әр кезеңде тарих сахынасына шығып отырды.

Халықтың қамын жеп, ұлтының намысын қорғаған тұлғалардың қиын-қыстау кезде айтқан қисынды сөздері ұлттық идеологияға айналып жатты.

Жоңғар шапқыншылығы кезінде Тәуке ханның билеріне ілесіп барған Қазыбек бидің жас кезінде қалмақ қоңтайшысына айтқан:

«Біз – қазақ деген мал баққан елміз,

Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.

Елімізден құт-береке қашпасын деп,

Жеріміздің шетін жау баспасын деп,

Жылқы қылын найзасына таққан елміз.

Ешбір дұшпан басынбаған елміз,

Басымыздан сөз асырмаған елміз.

Досымызды сақтай білген елміз,

Дәм-тұзды ақтай білген елміз.

Асқақтаған хан болса,

Хан ордасын таптай білген елміз.

Атадан ұл туса,

Құл болам деп тумайды.

Анадан қыз туса,

Күң болам деп тумайды,

Сен темір де, мен көмір – еріткелі келгенмін,

Қазақ-қалмақ баласын теліткелі келгенмін.

Танымайтын жат елге — танысқалы келгенмін,

Танысуға көнбесең – шабысқалы келгенмін.

Сен қабылан, мен арыстан – алысқалы келгенмін,

Тұтқыр сары желіммен жабысқалы келгенбіз.

Бітім берсең – жөніңді айт,

бермесең – тұрысатын жеріңді айт!» - асыл сөздері қазақ ұлтының келбетін көрсетіп тұрғандай.

Ал, Қазақ хандығының тарихи мұрагері болып табылатын Қазақстан Республикасының жаңа тарихының жарқын беттері XX ғасырдың соңында басталды.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі «Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы» заңды қабылдап, өз егемендігін жариялады және халықаралық қауымдастық тарапынан тәуелсіз мемлекет ретінде мойындалды.

Ұшқан құстың қанаты талатын ұлан байтақ аймақты иеленген, территориясы жағынан әлемде тоғызыншы орынды алып жатқан Қазақстан Республикасы Тәуелсіз мемлекет ретінде қарқынды дамып келеді.

Міне, ата-бабаларымыздың сан ғасырғы арманы болған тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге тура 25 жыл болды.

Тәуелсіздік үшін ата-бабаларымыз ғасырлар бойы қан төксе, Кеңес өкіметі кезінде 1986 жылы 16 желтоқсанда алаңға шыққан жастар Тәуелсіздік таңының атуын жақындатты.

Содан бері өзінің мемлекеттік Елтаңбасы, Туы, Әнұраны және әлемдік саяси сахнада беделді Президенті бар Қазақстан бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына енді.

Адамзаттың даму тарихында 25 жыл қас қағым сәт ретінде қабылданса, жаңа дәуірдегі Қазақстан тарихында бұл уақыт шекарасын белгілеп, экономикалық дамыған мемлекет құрып, демократиялық қоғам орнатып,  елімізді әлемге танытып үлгерген сындарлы кезең болды.

Осы ширек ғасыр аралығында Қазақстан өзін экономикасы мықты, саяси тұрақты, әлемдік аренада орыны бар, әлеуеті күшті мемлекет ретінде көрсете білді. Сонымен қатар, Қазақстан өзінің батыл қадамдарымен Орталық Азия мемлекеттерін ғана емес, әлемдік алпауыт державаларды да мойындатып үлгерді. Атап айтқанда, 1991 жылғы 29 тамызда ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, Семей ядролық полигонын жауып, адамзатты жаһандық бейбітшілікке шақырды.

1997 жылы Сарыарқаның төсінде салтанатты жаңа астана тұрғызып, оны әлемдік және дәстүрлі діндердің, ұлттар мен ұлыстардың, бейбітшілік пен келісімнің ордасына айналдырды. Сондай-ақ, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастығы, Ислам Конференциясы тәрізді және басқа да беделді халықаралық ұйымдарға төрағалық етті. Ғарышты бағындыру көп мемлекеттерге бұйырмаған бақыт екенін ескерсек, Қазақстан бір емес үш ғарышкер шығарып, ғарыштық мемлекет болуға әлеуетінің бар екенін көрсетті. Тұрақты саясатының арқасында 130 ұлттар мен ұлыстардың ортақ үйіне, бейбіт мекеніне айналды.

Алдына өршіл мақсаттар қойып, оң нәтижеге қол жеткізе білген Қазақстанның келесі ауқымды мақсаты – 2050 жылға дейін әлемнің ең дамыған отыз мемлекетінің қатарына кіру.

Бұл үшін Елбасы Н.Назарбаев болашаққа бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын ұсынды.

Бұл идеяның негізгі өзегі – қол жеткізген Тәуелсіздікті ары қарай баянды қылып ұстап тұру, Мәңгілік Елге айналып, оны кейінгі ұрпаққа ең асыл мирас ретінде қалдыру, байлығымыз да, бақытымыз да болған Мәңгілік Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтау.

Ол үшін өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік, патриоттық сезімдерді қалыптастырып, Тәуелсіздіктің құндылығын оларға барынша түсіндіру қажет. Себебі, Қазақстан азаматтарының бір ғана отаны бар – ол Тәуелсіз Қазақстан.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі

Дін істері комитеті жанындағы

Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының

аға ғылыми қызметкері

Қанат Бейсенғазин

  Ұлт порталы

0 пікір

Пікір қалдыру

Маңызды мақалалар

БАННЕР