10 мау, 2018 сағат 10:46

"Тәуелсіз ел ертеңі – білімді ұрпақ"

Өлеңге таласы бар жастардың қатары көп. Көбісі көмейінен төгілген тәтті әуезді қағазға төгіп, өмірін өлеңге серік етсем дейді. Алайда қара өлеңнің қара нары атану-атанбауы – уақыт еншісіндегі дүние. Жиын-тойларда ұйқасын келтіріп бір-екі ауыз өлең айтып жіберу екі қазақтың бірінің қолынан келер шаруа. Сол себепті де, өлеңге әуес жастардың қарасы аз болмауы айтпаса да түсінікті.

Шынтуайтына келсек, көп ішінен суырылып шығып, «нағыз ақынға» айналар жастың сирек болары әмбеге аян. Олай болса, уақыт сүзгісінен өтіп, өлеңі болашаққа бастайтын талантты өскіндер өсе берсе деп тілек айтамыз.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының тарихи мақаласында «Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні» сияқты «ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жорал­ғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», деп айқын көрсетілген болатын.

Ендеше, тәуелсіздігіміздің қадірін жете ұғынған, ертеңге үмітпен сөз тастаған талантты жастарға Тәңір өз несібесін молынан берсін деп тілейміз! Қадамың құтты, қаламың қуатты болсын, жас дос! Іске сәт!

Табиғат 

Кейде ойланып табиғатпен тілдесем, 
Кей ойларым табиғатпен үндесер. 
Тыныш сәтте ыңылдап мен әндетсем, 
Жүрегіме нұрландырып гүл көшер. 

Қара жолға тырс-тырс тамған тамшылар, 
Әлденеге жылап тұрған баладай. 
Сәлден кейін кемпірқосақ шығады, 
Сол баланы жұбататын анадай. 

Көктем келсе бүршік атып ағаштар, 
Сұлуланар сырға таққан қыздардай. 
Қыс келгенде сол ағаштар қартаяр, 
Ақжаулықты ана – әжім сызғандай. 

Астанаға - 20 жыл 

Есілдің жағасынан орын алған, 
Бәйтерекке шығуы көбіне арман. 
Күн нұрымен жарқырап сұлулығы, 
Елімнің жүрегі де, төрі болған. 

Астана мәртебесі аспандасын, 
Өзінен бар игілік басталғасын. 
Жетеді әлі талай биігіңе, 
Елбасым бар ісіне бас болғасын. 

Ағылсын шет елің де, арқырап ел, 
Дәуірдің толқынында сан тұра бер. 
Байтағым Сарыарқаның төріндегі, 
Байлыққа құшағыңды толтыра бер.

Ерсұлтан НҰРТАЙ, 
С.Мұқамеджанов атындағы орта мектепің 
7-сынып оқушысы. 
Киікті ауылы, 
Шет ауданы, 
Қарағанды облысы 

Мен жастарға сенемін 

Жас жүрек алып ұшып тұрған шақта, 
Қан ойнап тамырында қызған уақта. 
Жалындаған жастарын Алла берген, 
Қандай бір арман бар ма бұл қазақта?! 

Жанған оттай маздаған, қазған дене, 
Алға қарай жылжуда үлкен кеме. 
Жастары бар жалынды бұл күндерде, 
Неге ғана қазақ боп тудым деме! 

Мақтан ет, жастары бар өрге шапқан, 
Даналар бар лайықты үлкен тақтан. 
Мақтану былай тұрсын, «шүкір» еткін, 
Далада өскеніңе кең мұнартқан. 

Кең дала ашық айдын көк аспанда, 
Сескенбей өмір сүрер бұл жастарда. 
Кеңдік, теңдік қалады ата-бабаң, 
«Мен сенемін, сенемін!» – деп жастарға. 

Мен сенемін жалындаған жастарға, 
Қазақ рухын көтеретін аспанға. 
Мен сенемін қазақ атты мықты елім, 
Өшпек емес тарих пенен дастанда! 

Жұмабике КӨШЕКБАЕВА, 
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, 
Филология және әлем тілдері факультетінің 1-курс студенті 
Алматы қаласы 

Ұстазым Перизат апайыма 

Анамыздай болған бізге мектепте, 
Табылатын қасымыздан әр кезде. 
Өз үйімде жүргендей сезінемін, 
Қасымызда бір өзіңіз бар кезде

Жүзіңізден бар мейірім төгілген, 
Көзіңізден күн шуағы көрінген. 
Ұмытпаймын өзіңізді ешқашан, 
Жақсы мінез тек өзіңнен берілген. 

Мақтан тұтам Ұстазымды әрдайым, 
Өзіңізден үлгі алуға мен дайын. 
Ұстаздардың ішінде нағыз Ұстаз, 
Ол – сүйікті Перизат апайым! 

Назерке ЕРЛАНҚЫЗЫ, 

№2 мамандандырылған мектеп-интернатының 
7-сынып оқшысы. 
Шымкент қаласы, 
Түркістан облысы 

Тәуелсіздік жолында 

Тәуелсіздік дегенің тәтті ұғым, 
Терең ойлап түсінгің бәрін мұның. 
Жасасын туған елім – Қазақстан, 
Арсыздар түсінбейді мұның құнын. 

Елім жаңа келбетке ие болды, 
Тәуелсіздік алғалы дәулет толды. 
Сан жылғы арманы елдің орындалып, 
Елдегі үлкен-кіші көңіл толды. 

Қуатты мемлекетке ел айналды, 
Ұлтымның қабілеті тез байқалды. 
Елімде мақтанарлық жағдайлар көп, 
Бақ-дәулеті қазақтың тез жайқалды. 

Шығуда небір өнер саңлақтары, 
Күміс көмей, өнерлі бармақтары. 
«Отаным – Қазақстан» деп келуде, 
Қандасым атажұртқа жан-жақтағы. 

Тәуелсіз ел ертеңі – білімді ұрпақ, 
Ата-ана да, ұстаз да – бәрі ұқпақ. 
Жаһандық білімге де бет алды елім, 
Елбасының бар сөзін әр кез құптап. 

Мақтанышым – жастарым, ғалымдарым, 
Елде лаулап өсуде небір дарын. 
Жалынды жастар көптеп өсіп жатыр, 
Ел үшін беретұғын жалғыз жанын. 

Қазағым - әділдікті жақтаған ел,
Көршінің иығынан қақпаған ел,
Тарихын ұмытпайтын ешқашан да
Бабаның аманатын сақтаған ел.

Келер ұрпақ ұғады сөз астарын,
Рухың, ділің, тілің, азат жаның.
Ән қылып қарыштай бер еркіндікті
Мәңгілік ел - аяулы Қазақстаным!

Асылзат ТЫНЫШТЫҚ, 
Шаян көпсалалы лицейінің 
8-сынып оқушысы. 
Шаян ауылы, 
Бәйдібек ауданы, 
Түркістан облысы