22 ақп, 2017 сағат 15:20

Тасмағамбетов Ресейдің Сыртқы істер министрімен кездесті

Ресейдегі Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Иманғали Тасмағамбетов  РФ Сыртқы істер министрінің орынбасары, статс-хатшы Григорий Карасинге сенім грамоталарының көшірмесін тапсырды. Бұл туралы РФ-дағы ҚР Елшілігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Сенім грамоталары көшірмесін тапсыру рәсімінен кейін Иманғали Тасмағамбетов РФ сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесті.

Әңгіме барысында тараптар ағымдағы жағдайды, ресейлік-қазақстандық ынтымақтастықтың перспективаларын, интеграциялық құрылымдар аясында екі елдің өзара іс-қимылын, өңірлік және халықаралық проблемалардың өзекті мәселелерін талқылады. Тасмағамбетов Лавровпен қазақстандық-ресейлік қатынастардың перспективаларын талқылады.

Қазақстан Елшісі РФ СІМ басшылығына БҰҰ жанындағы Ресейдің тұрақты өкілі Виталий Чуркиннің қайтыс болуына байланысты көңіл айтты және Смоленск алаңындағы ресейлік сыртқы саяси ведомство ғимаратына кіреберістегі ескерткішке гүл шоқтарын қойды.