24 мам, 2017 сағат 19:07

Тасмағамбетов Патриарх Кирилді "Достық" орденімен марапаттады

Бүгін Құтқарушы Христос храмында Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Иманғали Тасмағамбетов Мәскеу және бүкіл Ресей Патриархы Кириллге I дәрежелі "Достық" орденін тапсырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" елшіліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Орыс православ шіркеуінің жетекшісі "мемлекеттік және қоғамдық қызметке, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан үлесі, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтудағы сіңірген еңбегі үшін" жоғары наградаға ие болды", делінген баспасөз хабарламасында.

Иманғали Тасмағамбетов осынау айтулы күні Қазақстан Республикасы мен ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан награда тапсыру үлкен мәртебе екенін айтты. "Бұл Сіздің бейбітшілік пен келісімді, екі елдің халықтары арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайтудағы тынымсыз әрі өлшеусіз еңбегіңізге деген айрықша құрмет", – деп атап өтті қазақстандық дипломат.