19 сәу, 2017 сағат 13:46

Тасқын су Солтүстік Қазақстан облысын әбігерге салуы ықтимал - Қазгидромет

Қазгидромет көктем мезгілінде өзен арналарының және тасқын сулардың деңгейін бақылауда ұстауда. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында Гидрология департаментінің директоры Дидар Жәнібекұлы мәлім етті, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Бүгінгі таңда Қарағанды облысы мен Ақмола облысы бойынша су тасқынының жоғары деңгейі артта қалды, осыған байланысты, өзендердегі су деңгейі жақын арадағы 2-3 күнде төмендейді деп күтілуде. Қазіргі уақытта Ақмола облысында тек Жабай мен Қалқұтан өзендерінде қауіпті деңгей сақталып отыр», - деп атап өтті ол.

Оның сөзінше, қауіпті жағдай Қостанай облысында да сақталып отыр. Онда өзен суларының деңгейі бір қалыпты болғанмен, қар суы далаға жайылып кетіп жатыр.

Қарағанды облысындағы Нұра өзенінде су деңгейі түскенімен, қауіп Жамансарысу өзенінен шығуы ықтимал. Оның үстіне Марақанд су қоймасынан ағызылған артық су Нұра өзені арқылы Ақмола облысына кетеді.

Ақтөбе облысына келетін болсақ, онда судың деңгейі енді төмендей береді. Керісінше, Солтүстік Қазақстан облысындағы өзендер деңгейі көтеріледі деп күтілуде. Себебі Ақмола облысынан ағызылған су Петропавлға бет алады. Сол кезде өзендер арнасынан шығып, бірқатар қиындықтар туындауы мүмкін», - дейді Д. Жәнібекұлы.

Сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл мен Алматы облыстарындағы өзендерде су деңгейі артады.